Қайырымдылық

Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қоры ашылды

 

Қайсар Малғаждаров атындағы қайырымдылық қоры жас спортшыларға мүмкіндігінше қолдау көрсетуге бағытталған. Жерлесіміз осыдан бір жыл бұрын әуе апатынан қаза тапқан болатын. Жергілікті кеден қызметін басқарған азамат көзі тірісінде салауатты өмір салтын насихаттауға ерекше көңіл бөлген. Жас кезінде еркін күрестен спорт шебері атағын да алған екен.

 

Төлеп Балғынбаев, СҚО кедендік бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары:

-Қайырымдылық қордың спортшы балаларға көп көмегі тиетініне сенімдімін. Ол спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Қайсармен талай жыл қызметтес болдық. Ол көптеген сайыстарға қатысып, әрдайым биіктен көрінетін еді.

 

Бүгінгі қайырымдылық шараға Қайсар Малғаждаровтың туған-туыстары мен дос-жарандары да жиылған. Осы қор арқасында өңір спортшыларына барынша қолдау көрсетеміз дейді марқұмның апасы Бахытжан Сәмиева. Қорға Қайсар Малғаждаровтың жанұясы жетекшілік етпек.

Жиында өңір атынан республикалық және әлемдік чемпионаттар мен сайыстарда топ жарған спортшылар марапатқа ие болды. Әрқайсысына 50 мың теңгенің сертификаты табысталды. Солардың бірі мәнерлеп жүзуден облыс намысын сәтті қорғап жүрген  Тимур Хаиров.

 

Тимур Хаиров, жүзгіш:

-Мен 1 сыныптан бастап мәнерлеп жүзумен айналысамын. Осы уақыт ішінде талай жерлерде болып, лайықты өнер көрсетіп, ел намысын қолдан бермедім. Қордың осындай қолдау көрсеткеніне алғысымды білдіремін.

 

Қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Жиналғандар игі бастаманың болашағынан үлкен үміт күтеді.

 

Бақыт Сәдуақасов