Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің жаңа жобалары қолдау тапты

 

Алғашқы болып «Черная кошка» дәмханасы жетекшісінің өтініші қаралды. Ұжымда 35 адам еңбек етеді. Кәсіпкер болашақта өндіріс көлемін арттырғысы келеді. Ендігі кезекте олар жартылай даяр өнімдерді саудаға салу үшін несие ресімдеуді көздеп отыр. Жоба жүзеге асса, қосымша 14 жұмыс орны пайда болады. Үйлестіру кеңесі кәсіпкердің жобасын қолдады. Келесі кезекте «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС мен «Единство» кәсіпорындарының бірлескен жобасы қарастырылды. Ол бастама темір-бетон және бетон өнімдерін шығаруды жаңғыртуға бағытталған.

 

Александр Кондратов, «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС бас директоры:

– Бұл жобаны іске асыруға 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалады деп көзделген. Оның 800 млн теңгеден астамы қондырғыларды алуға жұмсалмақ. Испандық құрал-жабдықтар еңбек өнімділігін 2-3 есеге арттырады. Ол энергияны үнемдеуге де септеседі.

 

Бұл жоба да кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Жиында қабылданған тағы екі жоба «Петропавл нан-тоқаш комбинаты» мен «Нан инвест кондитер» ЖШС-не тиесілі. Олар тауар түрлерін көбейтіп, жаңғырту жұмыстарын жүргізуді көздеп отыр. Кездесуде қарастырылған соңғы жоба – жеке кәсіпкер Шестакованың өтініші болды. Жүк тасымалымен айналысуға арналған бастама құжаттың дұрыс болмауынан кері қайтарылды.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Осындай құжаттарды реттеу кезінде олқылықтар туындамас үшін банктер мен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Алдағы уақытта кәсіпкерлеріміз осы орталықтан-ақ барлық құжаттарды рәсімдей алатын мүмкіндікке ие болуы керек.

 

Жалпы бүгінгі таңда өз ісін дөңгелетемін дегендерге мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. 2014 жылы өткізілген алғашқы өңірлік үйлестіру кеңесінде 5 кәсіпкердің жобасы қарастырылды. 1 млрд теңге сомасындағы жобалар қолдау тауып, олар бизнесін кеңейтіп, жаңартуға мүмкіндік алды.

 

Алмас Хасенов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Кәсіпкерлер 3 жыл ішінде бюджеттен 15 млн теңгеден астам субсидия алады. Жобаларды іске асыру аясында 40 адам жұмыспен қамтылмақ.

 

Кездесу соңында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қаржы саласы қызметкерлері мен кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарлама аясында биыл да жұмыстарды белсенді түрде жүргізуді тапсырды.

 

Мағжан Ахмадина