Мәдениет

Жерлес суретші Владимир Третчиков жайлы еңбек жарыққа шықты

Бұл туындыда әлемге танымал суретші, жерлесіміз Владимир Третчиковтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы толықтай баяндалған. Оның “Китайская девушка”, “Умирающий лебедь” және “Плачущая роза” туындылары көпшілікке танымал. Тіпті Владимир Третчиков 70-90-шы жылдары туындыларының сатылуы жөнінен әйгілі суретші Пабло Пикассодан кейін екінші орында болыпты.

 

Юлия Пискунова, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ақпараттық-библиография бөлімінің жетекшісі:

-Суретшінің туындыларын Қазақстан мен Ресейден кездестіру мүмкін емес. Бірқатары Европа елдеріндегі мұражайларда, өзгелері ауқатты адамдарға саудаланып кеткен. Владимирдің ата-анасы сектант болса керек, 1903 жылы олар Оңтүстік Ресейден Петропавлға қоныс аударыпты. Владимир отбасындағы 8 баланың кенжесі.

 

Борис Горелик “Удивительный Третчиков” кітабын жазуға шамамен 3 жылын арнаған. Осы уақыт аралығында ол Алматы, Омбы қалаларының мұрағаттарында жұмыс істеп, кітапқа негіз болатын ақпараттарды іздеген. Бірақ айтарлықтай құнды мәлімет табылмаған соң, бейресми мәліметтерге жүгініпті.

 

Юлия Пискунова, С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың ақпараттық-библиография бөлімінің жетекшісі:

-Борис Горелик ағылшын тілін жетік меңгерген жазушы, тарихтанушы десем артық айтқандық емес. Владимир Третчиков жайындағы кітапта оның өмір жолы мен өнерге қалай келгендігі жайлы мол мағлұмат бар. Кітап ағылшын тілінде жарық көрді, 280 бет пен 18 тараудан тұрады.

 

Жерлесіміздің шығармашалығына қызығушылық танытқан оқырман кітапхана қорына тапсырылған бұл туындымен кез-келген уақытта кеңірек таныса алады.

 

Бақыт Сәдуақасов