Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет отырысында “Қолжетімді баспана-2020” бағдарламасының орындалу барысы қаралды

“Қол жетімді баспана -2020” бағдарламасы пәтер кезегінде тұрғандар мен апаттық үйлерді мекен еткен бұқараның ахуалын жақсартуға бағытталған. Оны жүзеге асыруда ел қазынасынан бөлініп жатқан қаржы қомақты. Ал игерілуі қаншалықты. Ол туралы жиынға қатысушыларды өңірлік даму министрі құлағдар етті. Өткен жылы еліміз бойынша жалпы аумағы 6,8 миллион текше метр тұрғын үй қолданысқа беріліпті. Жалға берілетін коммуналдық баспана құрылыстарын жүргізуге республикадан бағытталған қаражат 27,5 миллиард теңгеден асса, оның тек 27,3 миллиарды игеріліпті былтыр. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы тұрғызылып жатқан баспана да жоспарға сай емес. Осыны сынға алған Премьер-Министр құрылыс саласында кертартпалық танытып, былтырға бөлінген қаржыны игермеген өңірлерге биыл кешірім болмайтындығын атап көрсетті. Олқылықтарға жол берген облыстар қаржыдан қағылады. Елімізде ауқымды құрылыс жүргізушілердің бірі – “Қазақстан құрылыс корпорациясы”. Оларға өткен жылға бөлінген жер телімі 130 мың гектар, құрылысқа бағытталған қаражат 10 миллиард теңгенің үстінде. Аталмыш компания өз жұмыстарын кестеге сай жүргізген, алайда дайын нысандарға инфрақұрылым жеткізуде өңір атқамінерлері енжарлық танытатын көрінеді. Премьер-Министр «Қол жетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыруда орын алған мәселелер биыл түбегейлі шешімін табуы тиістігін міндеттеді жауапты басшыларға. Біздегі құрылыс қарқыны жайында Серік Ахметовты облыс әкімі құлағдар етті.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Өткен жылы өңірімізде 115 мың шаршы метр баспананы қолданысқа бердік. «Қол жетімді баспана- 2020» бойынша  – сегіз, төрт  – жалға берілетін коммуналды, жас отбасыларға арналған – екі, тұрғын үй құрылыс банкі бойынша да екі көпқабатты үй тапсырылды. Жалдамалы-коммуналдық құрылысқа бағытталған қаржының 31 миллионы игерілмесе, жас отбасыларға арналған үй салуда жаратылмаған сома 16 миллион теңге.

 

Селекторлық жиынды қорытындылаған Серік Ахметов өткен жылы орын алған олқылықтарға биыл жол берілмеуі керектігін атап көрсетті. 2020 жылға дейін елімізде 10 миллион шаршы метр баспана салынуы керек. Ол Елбасының тапсырмасы. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты. «Қол жетімді баспана» бағдарламасын жүзеге асыруда мәселелер бар. Біріне қаржының тиісті деңгейде игерілмеуі себеп болса, екіншісіне жұмыстың кестеге сай жүргізілмеуі қолбайлау болған.

Қалай дегенмен құрылыс жүргізуде бірінші кезекте санға емес, сапаға мән берген жөн. Алайда тапсырманы діттеген уақытта орындауды да естен шығармау керек. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы ойын осылай түйіндеді. Сондай-ақ Самат Ескендіров департаменттер мен ведомствлар басшыларына халықтың талап-тілектері де назарсыз қалмауы керектігін ескертті. Себебі кейбір жауапты тұлғалардың жұмысына қатысты облыс басшысының блогына түскен сын-ескертпелер де жоқ емес көрінеді.

 

Самат Есмағи