Мәдениет

“Аймақтар аламанында” өңір өнерпаздары үздіктер қатарынан көрінді

Аймақтағы өнер иелерін барша республика жұртшылығына паш ететін “Аймақтар аламаны” өнер сайысына 250-ден астам өнерпаз қатысқан болатын. Елдің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген өнерлі азаматтардың мүмкіндіктерін өз саласының білгірі атанған мәдениет майталмандары бағалады. Байқауда ән сайыс, би сайыс және домбырасының әр үні ерекше сын көзімен қаралатын күйшіге де қойылар талап ерекше болды. Жерлесіміз Асхат Ғалиев қазақ композиторы, күйші Секен Тұрысбеков сынды халық мойындаған азаматтың көңілінен шығу үшін барын салыпты. Осылайша, ол қазыларға теріскейде күйшілік мектеп жаңа даму сатысына көтерілгенін аңғартқан.

 

Асхат Ғалиев, “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің бас концертмейстері:

-Ақтық сында мен күй сайысынан Атыраудың «Серпер» тобының үш жігітіне қарсы жалғыз шықтым. Онда атақты күй атасы Құрманғазының “Терісқақпай” күйін орындап, әділ қазылар айтып кеткендей, жалғыз өзім ойнасам да бір оркестрдей көріндім. Десе де күрделі туындыны басынан аяғына дейін нақышын бұзбай жеткізу маған оңай болды деп айта алмаймын.

 

Байқаудың өзге сын-сайыстан ерекшелігі – өнер саласында білімі мен білігі бар, аймақтық дәрежедегі өнерпаздардың жолын ашу. Екіншіден, әр өнерпаз айтулы додаға өз атынан емес, облыс атынан шығады. Үшіншіден, бір сайыстан сүрінген өнерпаздың кесірі бүтін облыстың атына тиеді. Сол үшін ұжым жұмыла еңбектенуі тиіс.

 

Нартай Сауданбекұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, актер:

-Мен өзім аймақтар аламанына біздің облыстың өнерпаздарын жақтаушы ретінде бардым. Онда 14 облыстан кілең суырылып алға шыққан мықтылар ғана келді. Солардың арасында біздің облыс үлкен жетістікке жете білді деп айтуға болады. Оны теледидардан халық та көрді.

 

Осылайша, облыстық филармония ұжымы “Аймақтар аламаны-2” республикалық телебайқауында 14 облыстың ішінен ақтық кезеңге жеткен ең үздік 5 ұжымның қатарынан көрінді. Сондай-ақ, жерлестеріміз ынтымақтастық пен бірлік үлгісін танытқан өнер ұжымы ретінде құрмет грамотасымен марапатталды.

 

Ботагөз Ақмағамбетова, облыстық филармония директоры:

Біздің әншіміз Мұхит Ахметов елордада өткен жас орындаушылардың фестиваліне қатысып, 3-ші премияның лауреаты атанды. Және біздің дирижер Қайырлы Ғафуров пен Фариза Амантаева республикалық конкурста 1,2-ші орын алып келіп отыр. Оған қоса құрылғанына не бары 3 жыл болған “Әлқисса” фольклорлық ансамбль халықаралық конкурстарда 2 рет лауреат атағын алып келді .

 

Күзде 50-ші концерттік маусымын ашатын облыстық филармония алда халық аспаптар оркестрлерінің фестивалін өткізбекші. Айтулы мерейтойға Астана, Қостанай, Көкшетау қалаларының өнер ұжымдары қатысады деп күтілуде.

 

Берік Қасен