Билік

Облыста әкімдердің есеп беру науқаны басталды

 

Зинаида Балябкинаның Меңкесер ауылында түтін түтетіп отырғанына 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Мұнда оның балалары дүниеге келіп, қазір немерелерін тәрбиелеп отырған жайы бар. Отағасы мен балалары «Мәмбетов и К» командиттік серіктестігінде еңбек етеді. Азын-аулақ мал ұстап, сонымен күнелтіп жатқан отбасы қазіргі таңда елді мекенде жасалған бар жағдайға риза.

 

Зинаида Балябкина, Меңкесер ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

уылда тұрғандықтан мал ұстаймыз. Онсыз күн көру мүмкін емес. Әйелдердің көпшілігі үй шаруасында. Көбіне ерлер жұмыспен қамтылған. Десе де, жаз айларында олар жақсы табыс тапқанымен, қыста жұмыс жоқ, сол қолда бар мал есебінен күн көреміз. Әрине жұмыс үнемі болып тұрса жақсы болар еді.

 

Елді мекеннің айтарлықтай түрленіп, дамығандығын халық алдында есеп берген селолық округ әкімі Беркімбай Уәлиев те айтуда. Жалпы Новомихайлов селолық округінің қарамағына 5 елді мекен кіреді. Бүгін ауыл басшысы өзінің алғашқы есеп беру кездесуін Меңкесер ауылынан бастады. Өткен жылы мұнда телефон желісімен жабдықтау мәселесі жолға қойылып, көшелерді жарықтандыру реттелген.

 

Беркімбай Уәлиев, Новомихайлов селолық округінің әкімі, Мамлют ауданы:

– Ауылдың дамуында ауыл шаруашылығы үлкен рөл атқарады. Өткен жылы шаруалар жақсы өнім жинап алды. Жалпы ауылдарымызда шағын бизнестің дамуына жақсы жағдай жасалған. Қазіргі күні селолық округте 16 дүкен, 2 асхана диірмен мен 2 наубайхана жұмыс істейді.

 

Қазіргі күні меңкесерліктердің үйіне су арнайы техникамен жеткізіледі. Бірақ бұл уақытша қиындықтар, өйткені биыл мұнда су құбырлары әрбір үйге дейін тартылмақ. Жалпы «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Новомихайлов селолық округінің 3 ауылы Токаревка, Новомихайловка және Бексейіт магистральдық су құбырына қосылған. Жол, су және жұмыспен қамту мәселесінің шешілгеніне шүкіршілік етуде.

 

Әскер Дәулетов, зейнеткер:

Меңкесер ауылының тұрмысы жақсы. Медпункт жақсы жұмыс істейді.

 

Селолық округ әкімінің есебін тыңдағаннан кейін жиылған халықтан атқамінерге жолданған сауалдар көп болмады.

 

Юрий Бажин, Меңкесер ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Биыл жем-шөптің бағасы неге қымбат болды?

Еркін Кожеков, «Мәмбетов и К» КС директорының орынбасары:

– Біз жем-шөпті сатқанда тек өз жұмысшыларымызға ғана жеңілдіктер жасаймыз. Дегенмен қалғандары да өзге шаруашылықтарға қарағанда мал азығын арзанырақ сатып алады.

 

Жалғыз сауалмен тиылған халық бұдан соң тарқаса бастады. Бұл – ауыл тұрғындарының бүгінгі жағдайға көңілдері тоқтығын байқатса керек.

 

-Ауылдың жағдайы жақсы. Жұмыс, жол, су мәселесі бір жолға қойылған.

-Әрбір үйге су әкеледі. Жұмыспен қамтылғанбыз. Жем-шөпті әкеліп береді. Көшелер жап-жарық. Ауылдың жағдайы өзгелерге қарағанда көш ілгері.

 

Ауыл тұрғындарының көп жылдан бері бас ауруына айналған Юртовое көлінің маңындағы жолды жөндеу мәселесі де өткен жылы шешімін тауыпты. Оған республикалық бюджеттен 197 млн теңге бөлініп, 3 шақырымға жуық жолға асфальт төселген. 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстарына 137 млн. теңге және ағымдық жөндеуге 22 млн. теңге қарастырылған. Жалпы өңірімізде 873 кездесу өткізіледі. Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есеп беруі ақпанның 14-іне дейін жалғаспақ.

 

Мағжан Ахмадина