Құқық қорғау органдары

Айнаның сынығы оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні табуға көмектесті

 

Қаңтардың тоғызында кешкі сағат 9 шамасында Есіл аудандық ішкі істер бөліміне “Жезқазған-Петропавл” тас жолының 884-ші шақырымында белгісіз ер адамның мүрдесі жатқандығы жайлы ақпар түскен. Оқиға орнына жеткен полицейлер мен дәрігерлер марқұмды көлік қағып кеткенін анықтайды. Криминалистердің апатқа қатысты болжамын оқиға орнында табылған көлік қапталындағы айнаның сынығы дәлелдеді.

 

Юрий Никонов, СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы іздестіру бөлімінің бастығы:

– Жедел іздестіру шаралары барысында көліктің маркасы анықталды. Ол шағын жүк тасымалдауға арналған қытайлық машина болып шықты. Автокөлік базасына тіркеуге қойылған осы іспеттес көлік иелерін тексеру кезінде, адам қағып, оқиға орнынан ізін суытқан жүргізушіні анықтадық.

 

Сезікті облыс орталығындағы фирмалардың бірінде жүргізуші болып жұмыс істейді. 53 жастағы қала тұрғыны Явленка селосының маңында жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан ізін жасырғандығын бірден мойындады. Ол шамалы бұрқасынның кесірінен жол шетіндегі адамды аңғармай қалдым деп отыр.

Қазір полицейлер қаскөй жүргізушіні ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Аталмыш фактіге орай ҚР ҚК 296 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғау үшін материалдар жинақталуда.

 

Самат Есмағи