Қайырымдылық

Қызыл Ай қоғамының қайырымдылық істері

 

Бүгінгі таңда қала аумағында шамамен 500-дей қаңғыбас адам өлместің күнін кешіп жүр. Базарлар мен үй аулаларын аралап, қоқыс жәшіктерін қопарумен уақыттарын өткізетін үй-күйсіз жандарға қоғамда теріс пікір қалыптасқан. Көше қаңғып жүргендердің бірі – Сергей Сидоров. Тепсе темір үзетін апталдай азаматтың осындай күйде жүргеніне 2 жылдан асыпты. Әрине еріккеннен емес, тағдырдың тәлкегіне түсіп, осындай жағдайға душар болған.

 

Сергей Сидоров:

-Бізді Қызыл ай қоғамы апта сайын тамақпен қамтып тұрады. Бірақ ол не болады. Қыстың қақаған аязында далада түнеу оңай емес. Амал қанша, тағдырым осы шығар. Көшеде жүрсек тұрғындар бізге үрке қарайды. Біз сияқты тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға мемлекет тарапынан қандай да бір көмек болса деймін. Қайырымды жандардың көмек көрсететіндіктеріне сенемін.

 

Тұрғылықты мекен-жайы жоқ тұлғаларға мүмкіндігінше көмек көрсететін  Қызыл Ай қоғамының өкілдері ғана. Олар сәрсенбі, жұма сайын үй-күйі жоқ қаңғыбастар жиі шоғырланатын орындарға келіп, шұжық, ірімшік, айран мен тоқаш таратады. Кей күндері ыстық тамақ береді екен. Мысалға, өткен жылы Қазақстан халық банкінің қолдауымен жылы киімдер, жаңа жыл қарсаңында туберкулез диспансерінде емделіп жатқан балғындарға тәттілер таратылыпты.

 

Сәуле Оразова, Қызыл Ай қоғамының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры:

-Қызыл ай қоғамының құрылғанына биыл 150 жыл толып отыр. 2013 жыл біздің филиал үшін табысты жылдардың бірі болды десем артық айтқандық емес. Әсіресе қаңтар, ақпан айларында қаңғыбастарға ыстық тамақ беріп, шама-шарқымызға қарай киім-кешек тараттық. Қиын жағдайда қалған адамдар бізге жиі келеді.

 

Қала бойынша садақа жинауға арналған 3 жәшік орнатылған. Көптеген сауда орындарының әкімшілігі Қызыл Ай қоғамдық қоры жәшіктерінің орнатылуына түбегейлі қарсы көрінеді.

 

Бақыт Сәдуақасов