Құқық қорғау органдары

“Мұнай инвест Ко” ЖШС банкке қарызын өтей алмай отыр

 

Облыстық сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы Валентина Зуйкинаның “Мұнай инвест Ко” ЖШС табалдырығын тоздырып жүргеніне бір жыл болыпты. Кәсіпорын өңіріміздегі екінші деңгейлі қаржы институттарының бірінен рәсімдеген несиені төлемей қойған.

Күзетшілер көздері үйреніп алған сот орындаушысын ғана ішке кіргізді. Біздің алдымыздан есік сарт етіп жабылды. Валентина Зуйкинаның қарызды өндіру қамындағы кезекті жұмыс сапары қаншалықты жемісті болғанын білу үшін сыртта күтіп тұрдық. Серіктестіктің банк алдындағы берешегі қомақты. 2 млрд. теңгенің үстінде. Мұнай өңдейтін өндіріс кешені тақырға отырған көрінеді. Бұл жолы кассада не бары үш-ақ цифрлы ақша болыпты.

 

Валентина Зуйкина, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Біз қаңтар айына дейін кассаның жұмысына шектеу қойғанбыз. Онда да ішінде 295 теңгеден артық қаражат табылмады. Егер де берешектен жалтаруын доғармаса кәсіпорын басшысы әкімшлік жауапкершілікке тартылады. Оған көнбесе, қылмыстық іс қозғалады.

 

Кәсіпорынның дүние-мүлкіне толықтай тыйым салынғанымен, өндірісіне тұсау қойылған жоқ. Несиені төлеу үшін қаржы табу мүмкіндігі берілген. Бұны дұрыс түсінбесе, зауыт үстіміздегі ай соңынан мүлдем табыс көзінсіз қалайын деп тұр. Нысан толықтай және ондағы бар құрылғы аукционға шығарылатын болады. Енді бір анықталғаны – серіктестік жетекшісі несиенің қызығын өзі көрмеген сыңайлы.

 

Валентина Зуйкина, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Бұл фирма тек кепілдікке қойылған. Несиені “Адат групп LTD” компаниясы алды. Сондықтан қарыз уақытында өтелмесе, “Мұнай инфест Ко” серіктестігінің дүние мүлкі тәркіленеді. Саудадан түскен қаржы берешекті жабуға кетеді. Сондай-ақ бұл кәсіпорынның жекелей айыппұлдары мен қарыздары бар.

 

Бүгінде кәсіпорында 60 адам нәпақасын тауып жүр. Заң еленбесе қызметкерлер де табыс көзінен қағылуы ғажап емес.

 

Жеңіс Ермұқанов