Көлік және жолдар

Петропавлдық автобустарда интернетті тегін пайдалануға болады

Енді облыс орталығындағы қоғамдық көлікке мінген әр жолаушыға қажетті аялдамадан өтіп кетем бе деп әбігерленудің қажеті жоқ. Өйткені әр автобусқа автохабарлағыштар орнатылған. Ол арнайы бағдарлағыш арқылы жұмыс істейді. Тұрғындар жаңашылдықты жоғары бағалап отыр.

Қоғамдық көліктерге енгізілген тағы бір жаңашылдық – сымсыз интернет байланысы. Бүгінгі күні мұндай мүмкіндіктерді облыс орталығындағы 20 автобуста пайдалануға болады. Тегін интернет желісі 11, 20, 25 бағыттағы көліктерге орнатылыпты. Мобильді жаңашылдық алғаш біздің қалада қолданысқа енгізілген.

 

Андрей Пустовалов, «Кар-Тел» ЖШС СҚОФ бөлім басшысы:

-Компаниямыздың көздеген мақсаты – ғаламторды әр адамға және кез-келген жерде қолжетімді ету. Себебі интернет желісін мейлінше пайдалану – заман талабы. Сұраныс артса, алдағы уақытта бұл жобаны одан әрі дамытатын боламыз.

 

Арнайы тігілген қызметтік киім де жолаушыларды ғана емес сондай-ақ, қоғамдық көлік жүргізушілерінің өздерін де таң қалдырған. Себебі автобус жүргізушісі мен ондағы кондуктордың киімдері біркелкі болуы керектігі жолаушылар тасымалы ережесінде тайға таңба басқандай болып көрсетілген. Ал заңды сақтауымыз керек дейді автобус жүргізушісі Юрий Кузьменко.

 

Юрий Кузьменко, қоғамдық көлік жүргізушісі:

– Арнайы киім шығарғаны дұрыс деп ойлаймын. Сенің жүргізуші екеніңді жолаушылар бірден аңғарады. Көзқарастары да өзгерді. Қажетті ақпараттарын сұрап жатады, біз оған жауап береміз.

 

Жүргізушілер мен кондукторларға арнайы киім тігуге қажетті қаржыны тасымалмен айналысатын кәсіпорындардың өздері бөлген. Шалбар қара, пиджагы көк түсті. Соңғысының сол жақ бөлігінде облыстың гербі бейнеленген. Жалпы бұдан басқа да жаңашылдықтар бар.

 

Галина Семенова, «СҚО жолаушылар тасымалы» қауымдастығының төрайымы:

-Облыстық тілдерді дамыту басқармасы жүргізген арнайы тексеріс барысында қоғамдық тасымалмен айналысатындарға тағылған мін көп. Оның дені автобус іштеріндегі ақпараттық көрнекіліктерге қатысты. Белгіленген уақыт ішінде олқылықтардың орнын жойып, олардың бәрін бір ізділікке түсірдік. Аталмыш басқарманың келісімі бойынша.

 

Бүгінде облыс орталығында 25 бағыт бойынша жолаушыларға қызмет көрсетіледі. Ал сұранысты қамтамасыз ету үшін күнделікті қала көшелеріне шығарылатын қоғамдық көліктер саны 300-ге жуық.

 

Самат Есмағи