Құқық қорғау органдары

Өңірде қылмыс саны көбейді

 

Өткен жылы өңірімізде жасалған қылмыстар саны 2012  жылмен салыстырғанда 22 пайызға артып, 9669-ды құраған. Ал 2012 жылы облыста 7875 заңбұзушылық тіркеліпті. Қылмыстар арасында әсіресе өршіп тұрғаны – өзгенің мүлкін ұрлау.

 

Махаббат Темірбекова, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің басшысы:

– Осы уақыт аралығында мүлік ұрлаудың 6599 фактісі тіркелген. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 24,4 пайызға артық. Заңбұзушылықтар көбіне Петропавл , Ғ.Мүсірепов, Тайынша және М.Жұмабаев аудандарында тіркелген.

 

Бір қуантарлығы – өңірде ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайған. Алғашқысы – 1,3,  ал соңғысы 26,2 пайызға төмендепті. Оның ішінде зорлау, өзгенің денсаулығына қасақана зардап тигізу және тонау фактілері сирепті.

 

Махаббат Темірбекова, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің басшысы:

-Бұрын басы істі болған адамдардың қатысымен жасалған қылмыстар саны 12 және кәмелеттік жасқа толмағандар жасайтын заңбұзушылықтар көрсеткіші 44 пайызға төмендеп отыр.

 

Бұдан өзге басқармада 2012 жылдан бастап онлайн режимде жұмыс істейтін сервис іске қосылған. Бұл бармақ бастылық, көз қыстылыққа жол бермей, мамандардың нақты жағдайды бақылауда ұстауына септеседі.

 

Төлебай Мұқышев, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті құқықтық статистиканы қалыптастыру бөлімінің аға прокуроры:

– Интернет желісінде отырған әр азамат сервис прав стат нүкте кз сайтына кіріп, қылмыстық жағдай мен жол-көлік апаттары жайлы мәліметті біле алады. Орын алған оқыс оқиғалар бірден осы сайтта тіркеледі.

 

Жуық арада мұндағылар жаңа ақпараттық технологияны іске қосуды жоспарлап отыр. Сол кезде қылмыстарды тіркеу жүйесі әлемдік стандарттармен теңеспек.

 

Мағжан Ахмадина