Спорт

Әуесқой хоккейшілер жарысы

 

Хоккейден жыл сайын ұйымдастырылатын ашық қала турниріне қатысуға ниет білдірген аулалық құрамалардың қатары 10-ға жеткен. Өңірден биыл М.Жұмабаев, Аққайың аудандарынан және қызылжарлық 2 бірдей команда қатысуға тілек білдірген. Маусымдағы алғашқы кездесулер Новоникольск ауылында “Зенченко и К” КС-де биыл ашылған хоккей қорабында өткен.

 

Борис Скатов, “Авангард СК” командасының жаттықтырушысы:

-Жарысқа облыс орталығының – 6, ауданның 4 құрамасы қатысып жатыр. Әрбіреуі шеңберлік жүйе бойынша 9 рет өзара кездесу өткізеді. Жиыны 45 ойын жоспарланған. Алға шыққан 6 команда плэй-офф кезеңінде 1-ақ рет кездеседі. Осылайша, ұпай санымен жоғары шыққандар жеңіске жетпек.

 

Тап қазір алаңда “Есіл” мен “Авангард СК” құрамасы сынға түсіп жатыр. Екі құраманың айырмасы тек жас ерекшелігінде ғана. Алғашқы құрама жас спортшылардан жинақталса, кейінгісі ертеректе хоккей ойнаған аға буын өкілдері. Кездесудің алғашқы сәтінен басымдық қызыл формадағы “Есіл” құрамасында. Олар қарсыластарын 2 кезеңде 1 ұпайға артқа тастады.

 

Станислав Югов, “Есіл” командасының капитаны:

-Бұл әуесқой ойын болғандықтан, хоккейге аптасына 3 рет қана көңіл бөлеміз. Бүгінгі айдынға жиналған хокейшілердің бір-бірінен асып тұрған еш айырмасы жоқ. Алдыңғы толқын кеңес тұсынан бері осы спорт түрімен айналысып келсе, кейінгілері біз. Әйткенмен олардан жасырақ көрінсек те тәжірибе жағынан мақұрым емеспіз.

 

Салауатты өмір салтын сақтауды көздеген аудан мен қалалық әуесқой хоккейшілер  арнайы киім-кешек пен қажетті жабдықтарды өз қаражаттарына сатып алған. Хоккейшілерді қолдауға туыстары, дос-жарандары келіпті.

3 кезеңнен тұратын бұл әр ойын 1 сағатқа жалғаспақ. Әзірге ешкім өз мүмкіндіктерін жоғары деңгейде көрсетіп үлгерген жоқ. Алда әр құрама өзара 9 кездесу өткізбек. Ашық турнир қаңтардың аяғына дейін жалғасады.

 

Берік Қасен