Құқық қорғау органдары

Зияткерлік құқықты қорғау

Саз және көркем шығармалар, компьютерлерге арналған бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы жөніндегі жобалар сияқты өнертабыстарды тек автордың рұқсатымен ғана пайдалануға болады. Бірақ, заңмен бекітілген ережелер көбіне-көп сақталмай, жиі бұзылып жүр. Өткен жылы облыстық әділет департаменті қызметкерлері құқық қорғау органдары және қаржы полицейлері бірлесіп фильмдерді, музыкалық туындыларды шығару және заңсыз тарату бойынша бірнеше істі әшкерелеген.

 

Мария Томас, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлім жетекшісінің м.а.:

-Өткен жылдың өзінде зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша 87 шара өткіздік. Нәтижесінде жеке тұлғалардан 10 мыңнан астам жасырын сатылған контрафактілік өнім тәркіленді. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп атқарған жұмыстың арқасында DVD дискілерді заңсыз шығарып келген 4 астыртын цехтың жұмысын тоқтаттық. Егер авторға келтірілген шығын 100 АЕК мөлшерінен асып кетсе, заңды белінен басқан айыпталушының үстінен қылмыстық із қозғалады. 2013 жылы осындай 16 қылмыстық іс қозғадық. Ал, ұсақ қылмысқа барғандар әкімшілік жазаға тартылды.

 

Контрафактілік өнімдер және зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану кәсіпкерлікті дамытуға кері әсерін тигізіп отырғаны ешкімге жасырын емес. Сондықтан, өнертабыс иесі өз өнімін аумақтық қоғамдық ұйымда патенттеп алуы қажет.

 

Мария Томас, СҚО әділет департаменті зияткерлік меншік құқық жөніндегі бөлімі жетекшісінің м.а.:

-Осындай жағдайларды болдырмау үшін әділет департаменті жыл бойы тұрғындарға түрлі семинар, дәрістер мен дөңгелек үстелдер өткізді. Онда біз зияткерлік меншік құқығын қорғау бойынша, авторлық құқық, өндіріс саласы мен тауар белгілері және контрафактылық өнімдер туралы әңгімелейміз. Бұл індетпен күреске қоғам болып жұмылу керек. Сауда орындарының басшылары да өз базарларының аумағында контарфактілік өнімдердің сатылуына жол бермеуі тиіс.

 

Контрафактілік тауарды ажырату қиын емес. Ол лицензиясы бар өнімнен әлдеқайда арзанырақ болады. Және онда тауар белгісі жайында мұғлұмат тым қысқа жазылады әрі қаптамасы мен мұқабасының сапасы көзге көмескілеу көрінеді.

 

Берік Қасен