Өнеркәсіп

“Поиск” фирмасының өнім өндіру көлемі өсіп келеді

 

«Поиск» ЖШС-нің негізі қаланғанына 16 жыл болыпты. Осы уақыттан бері кәсіпорынның дамып, алға басуына үлес қосып жүрген жұмысшылардың бірі – Анатолий Панферов. Ол серіктестіктің бұрын қалай жұмыс істегенін, қандай қондырғылар болғанын есіне алып, кәсіпорынның бүгінгі тынысы әлдеқайда жақсарғанын айтады.

 

Анатолий Панферов, «Поиск» венчурлық фирмасы» ЖШС қырнаушысы:

-Бұрындары жұмыскерлер саны да, участоктар да аз болатын. Онымен қоса кеңестік кезеңнің құрылғыларында жұмыс жасайтынбыз. Қазір жақсы, еңбек ету күннен-күнге ыңғайлы болып келеді.

 

Бүгіндері мұндағы 9 участокта 230-дан астам маман еңбек етеді. Өткен жылы кәсіпорын сандық бағдарламалар мен автоматтандырылған басқармасы бар таспа қиюға арналған қондырғыны сатып алыпты. Чехияда жасалған құрылғы жұмыс қуаттылығын 2 есеге арттырған.

Юрий Белоусов, «Поиск» венчурлық фирмасы» ЖШС директоры:

– Бізде жаңа участок іске қосылды. Онымен қоса біз өз құрылғыларымызды жаңартып, жаңа қондырғылар алып жатырмыз. Өткен жылы жаңғырту жұмыстарына 35 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Барлығы өз күшімізбен жасалды.

 

Жалпы кәсіпорын мұнайды өндіруге, бұрғылауға және геологиялық зерттеулерге қажетті 6 мыңға жуық қосалқы бөлшектерді жасайды. Бүгінде серіткестік еліміздің мұнай өндіруші 70-ке жуық кәсіпорнының тапсырысын орындап жүр.

 

Юрий Белоусов, «Поиск» венчурлық фирмасы» ЖШС директоры:

– Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының кәсіпорындарымен жұмыс жасадық. Біздің өнімдерімізді негізінен мұнайлы өңірлер пайдаланатын болатындықтан, алдағы уақытта да олармен әріптестік қарым-қатынастарды дамытуға мүдделіміз.

 

Кәсіпорын ұсынатын өнімдердің қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Сондықтан серіктестік әрі қарай серпінді даму үшін заманауи қондырғыларды алуды 2014 жылы да жалғастырмақ.

 

Мағжан Ахмадина