Бизнес және экономика

Өткен жылы 4 мыңнан астам солтүстікқазақстандық еңбекпен қамтылды

“Жұмыспен қамту жол картасы-2020” бағдарламасында бірінші кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға басымдық беріледі. Былтыр өңірде 99 инфрақұрылымдық жоба қолға алыныпты. Оларды жүзеге асыруға 1300 адам тартылған. Оның тең жартысы маусымдық еңбекпен қамтылды. Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты бойынша кәсіпкерлік бастамаларды қолдау көзделген.

 

Надежда Зеленская, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бөлімінің басшысы:

– 2013 жылы кәсіпкерлікті қаржылай қолдау қоры арқылы 600 млн. теңгенің 291 жеңілдетілген несиесі рәсімделді. Негізінен ауылдықтарға берілді. Сондықтан болар, қаржының 67 пайызы мал шаруашылығын дамытуға жұмсалды. 136 жаңа жұмыс орны ашылды.

 

300-ге тарта жұмыссыз сұранысқа ие мамандықтарға қайта оқытылып, 250-і екі қолға бір күрек тапқан. Бүгінде тағы 510 адам жаңа кәсіптің қыр-сырын меңгеруде. Былтыр 2012 жылмен салыстырғанда тұрақты табыс көзімен қамтылғандар 3 есеге артқан. Қол қусырып бос отырған мыңға жуық жерлесіміз әлеуметтік жұмыстарда нәпақаларын тауып жүр. Тағы сонша жас өндірістік тәжірибеге жіберілді. Жұмысы бар, бірақ баспанаға зәру жандардың да мәселелерін шешу қарастырылған ұлттық жоба шеңберінде . Мәселен жұмыс беруші еңбекшісін табыс көзімен қамтудан бөлек, мемлекеттік бағдарлама бойынша алған үй құнының белгілі бір мөлшерін төлеуге де септеседі. Өткен жылы бұл бастаманың арқасында 113 отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл да бағдарлама бірқатар жаңашылдықтармен толықты.

 

Надежда Зеленская, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бөлімінің басшысы:

– 2014 жылы кәсіби бағдарлау бойынша пилоттық жоба басталды. Мамандыққа оқыту білім министрлігінің тапсырысымен жүргізілетін болады. Сондай-ақ жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындарына тартылғандарға берілетін субсидия көлемі өзгерді.

 

Жалпы 2013 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының шарапатын 4,5 мың солтүстікқазақстандық көріпті. Олардың сұранысын қанағаттандыруға 4,2 млрд теңге бағытталды.

 

Жеңіс Ермұқанов