Бизнес және экономика

Облыстық прокуратура мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы өзара меморандумға тұрды

 

 

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау қамында былтыр өңір прокурорлары мемлекеттік органдарда 49 тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде 400 астам заңбұзушылық тіркеліп, 50-ге тартта хаттама толтырылған. Бүгінде мемлекеттік органдар тарапынан жүргізілген бақылауға шағымданатын іскер азаматтардың қатары аз емес. Мәселен құзырлы органдардың әрбір екінші тексерісі жоспарға кіргізілмеген. Бұл жеке ісін өрге домалатам деген бизнесменнің қарбалысын одан бетер шиелендіре түсетіні анық.

 

Айдос Кеңбейілов, СҚО прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

– 57 тұлға тәртіптік, 7 лауазым иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Борышкерлермен жұмыс жасау Комитетінің өңірлік департаментінің мамандары жүргізген тексеріс заңсыз деп танылып, оның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ІІД мемлекеттік күзет қызметінің бөлім бастығы жұмысынан босатылды. Құқық қорғау органының тағы 2 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды.

 

Алтын көрсе, періште жолдан таяды демекші, қаржы айналымынан өзіне тиесілі емес үлесті жымқыруға осындай ынтық жандар табылып жатады. Прокурорлардың шешіміне сәйкес, заңсыз 9 актінің күші жойылып, 800 мың теңгенің әкімшілік айыппұлы негізсіз салынған деп танылды. Бұндай ағаттықтарды болдырмау қамында жуырда кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы мен бас прокуратура өзара меморандум жасасты. Дәл осындай келісімдер енді әр өңірлерде жасалуда.

 

Жеңіс Қазиев, CҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Өңір бизнесмендерінен 52 шағым түсті. Негізінен энергетика, салық салаларына қатысты өкпелері бар. Көбін жергілікті жерде шешуге тырыстық. Ал ауқымдыларын ұлттық палатаның қарауына жібердік. Бұл біз құрылған екі айдың ішінде ғана атқарған шаруа. Енді прокурорлармен бірге ісіміз тіпті жандана түсетініне сенімдімін.

 

Өңірлік палата кәсіпкерлікті қорғау кеңесін де құрып қойған. Сенім телефоны орнатылған кол орталық жұмыс істейді. Жалпы өткен жылы 33 кәсіпкердің еленбеген заңды құқықтары қорғалып, шығынның орны толтырылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов