Білім

Облыстық пән олимпиадалары аяқталды

Богдан Петров осы сынды білім сайыстарына 3-ші жыл қатарынан қатысып келеді. Мемлекеттік тілді үйренуге ден қойған оқушы олимпиадада өз бағын қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сынаған. 10-сынып оқушысының білімі жаман емес, ол 3-ші орынға қол жеткізді.

 

Богдан Петров, У.М. Ахмедсафин атындағы Совет орта мектебінің 10 сынып оқушысы, Аққайың ауданы:

-Мен 3-ші орын алдым, қуаныштымын. Келесі жылы жақсы дайындалып, 1-ші орын алуға тырысамын.

 

Ал Балбота Аюпова болса өзімен сынға түскендердің арасында жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанып, 1-ші орыннан көрінді. Бұған дейін де осындай жалпы білім беретін пәндер олимпиадаларында жасындай жарқыраған ол, қазір республикалық деңгейде өтетін сынға дайындығын бастап кеткен.

 

Балбота Аюпова,Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11 сынып оқушысы:

-Ұстаздармен отырып дайындаламын. Қосымша материалдарды қарастырамыз. Жақсы нәтиже көрсетемін деген ойдамын.

 

2 күнге жалғасқан білім сайысына облыс мектептерінен 506 оқушы қатысқан. Солардың 200-ден астамы жүлделі орынға қол жеткізді. Жеңімпаз атанған 43 оқушы ауыл мектептерінде білім алады. Айта кететін жайт, осы олимпиадада аудандардың ішінен, жамбылдық және аққайыңдық мектеп оқушылары жоғары нәтиже көрсеткен.

 

Күлпаш Қалғожина,СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

-Республикалық турға облыстан 2 команда жасақталатын болады. Олар наурыз айында Өскемен және Шымкент қалаларында өтеді.

 

Білім додасының жеңімпаздары диплом, медаль және сертификаттармен марапатталды.

 

Мағжан Ахмадина