Спорт

Волейболдан ел чемпионатының екінші кезеңі

 

Бұл жолы ұлттық лиганың 8 құрамы екі топқа іріктелді. Өз легінің бәсекелестерін қабылдаған жергілікті қол доп ойынының шеберлері екінші турдың алғашқы кездесуінде Орал қаласының волейболшыларын қабылдады. Батыстық қонақтар бірінші айналымнан соң жоғарғы эшалонның көшін бастап келеді. Ал петропавлдықтар үшін маусым сәтсіз басталды. Әзірге олар ел чемпионаты турнирінің 7-ші сатысынан көрінуде. Сондықтан әр ұпай ауадай қажет. Екі жақ ойын басталысымен ұтымды қорғануға тырысып, кезек-мезек әдемі голдар жаудыра білді.

Өстіп қос қарсылас оңай шағылар жаңғақ еместіктерін танытумен болды. Ойын талабына сай партия 25-ке дейін жалғасады. Кемінде екі ұпай айырмасы болса, әрине. Қызу тартыс алғашқы кезеңде бұл заңдылықты 33 голға дейін созды. Бұл есеп “Конденсат-Жайық” құрамасы жігіттерінің пайдасына шешілді.

Өстіп сәл де болса сырт алаңда үстемдік құрған қонақтар алған бағытынан қайтпай 25:23 есебімен екінші партияда да басымдықты ұстап қалды. Келесі бөлікте намысқа басып жинала білген есілдіктер тәуір өнер көрсетіп әйтеуір ойын арнасын өздеріне бұрды. Өз алаңында сары жейдедегілерге волейбол торынан доп асырар оңтайлы сәттерді азырақ туғызып, дәл сол есеппен есе қайтарды. 4-ші партия жаңалық әкелмей алғашқыларының тағдырын қайталады. Ойын өрнегі өзгермей, басымдық екі жаққа көшумен болды. Соңғы допты орал қаласының мықтылары салды. Қорытынды есеп 3:1

 

Александр Ряпко, волейболдан “Есіл” құрамасының бас бапкері, Петропавл қаласы:

– 1-ші кезеңдегі ойын дәл осылай өтті. Өз жерімізде Орал қаласында жіберілген есені қайтара алмадық. Бұл кезеңнің әлі екі кездесуі бар. Ұпай еселеудің бар амалдарын қарастырамыз. Жігіттердің ынтасы мен ойыны жаман емес, көш басшымен тең терезелі. Өздеріңіз байқадыңыздар. Тек баптарын аяғына дейін ұстай алмайды. Осы жағын жетілдіре түсу керек.

 

Сондай-ақ бұл топқа Атырау мен Хромтау құрамалары жіктелген. Қайсысының мысы басатынын шеңберлік айналымдағы ойындар көрсетеді.

 

Жеңіс Ермұқанов