Қоғам

Қазақстанда еңбек мигранттары үшін жеңілдіктер жасалды

 

Еңбек көші-қонына қатысты заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгертулерге сәйкес ендігі кезекте жеке тұлғалар шетелдіктерді жалдамалы жұмысқа тарта алады. Тек бұл қызмет түрі пайда табумен байланысты болмауы тиіс. Осыған дейін аталған мәселелердің заң аясында қаралмауы көптеген ереже бұзушылықтарға әкеліп соқтырған болатын. Мигранттар заңсыз қызмет етіп, мемлекет қоржыны да салықтан қағылған-ды. Ендігі кезекте, шетелдіктер елімізде еңбек ететін жағдайда, салық органдарында арнайы тіркеуге тұрады. 2 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі мемлекет жарнасын төлеген соң, әрбірі жеке сәйкестендіру нөміріне ие болады.

 

Еркетай Тұтқышев, СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы:

-Салық органдарында тіркелген шетелдіктерге көші-қон полициясында 1 айдан 3 айға дейін ел аумағында болуға рұқсат қағазы беріледі. Осы уақыт аралығында олар жұмыс беруші жеке тұлғамен еңбек келісімшартын жасасып, медициналық сақтандыру алуы тиіс. Кейін ел аумағында қызмет ету мерзімі 1 жылға дейін ұзартылады.

 

Елімізге нәпақа табуға Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінен мигранттар көптеп келеді. Заңға енгізілген толықтырулар осы мемлекеттердің тұрғындарына тікелей қатысты. Ал Қазақстанмен Кедендік одақ құрған елдердің азаматтары республика аумағында еш кедергісіз жұмыс істей алады. Шектеу тек мемлекеттік қызметке қойылған.

 

Еркетай Тұтқышев, СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының басшысы:

-Толықтыруларға сай шетелдік жалдамалы жұмыс күшін пайдаланатын жеке тұлғалар 5 жұмысшыдан артық адамды қызметке ала алмайды. Көршілес елдердің тұрғындарына жеке тұлғаға аспазшы, күтуші, басқа да жұмыстарды атқаруына рұқсат етілген. Бірақ, бұл заңның мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен кәсіпкерлерге қатысы жоқ.

 

Заңға бағынбаған шетел азаматтарына 40 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл қарастырылған. Елімізге жұмыс іздеп келгендер осындай заңбұзушылықтарын екінші мәрте қайталаған жағдайда  республика аумағынан қуылатын болады. Жалпы өткен жылы өңірімізге шет мемлекеттерден 24 мыңнан астам азамат жұмыс іздеп келген екен.

 

Бақыт Сәдуақасов