Спорт

Қалалық саябақта жаңа мұз айдыны ашылды

 

Мәдениет және демалыс саябағында 1 апта бұрын ашылған мына шаңғы және конькиді жалға беретін жаңа бекетке қала әкімдігі 5 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсапты. Қомақты қаржыға бекет жөнделіп, 100 жұп пластикалық шаңғы мен 50 жұп коньки алынған.

 

Валерий Евдокименко, Петропавл қаласы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

-Қала әкімінің есеп беру кеңестерінде және тұрғындарды қабылдау барысында жерлестеріміз осы саябақта шаңғыны жалға беретін орын ашу туралы ұсыныстарын жеткізген болатын. Қалалықтардың өтініші жерде қалмады. Ендігі кезекте, бұл нысан күн ұзағына жұмыс істейді. Киім ауыстыратын ғимараттың іші жылы, кешкілік уақытта жарықтандырылады.

 

“Планета” туристік орталығының басшылығы бос уақытын тиімді өткізгісі келетін демалушыларға бар жағдайды жасап беруге әзірміз дейді. Ол үшін коньки мен шаңғы тебуді үйрететін 6 арнайы білімі бар нұсқаушы жұмысқа алыныпты. Бекетте күзет қызметі қарастырылған. Демалушылар үшін есік таңғы сағат 10-нан кешкі 21:00-ге дейін ашық. Ересектер коньки тепкені үшін сағатына 350 теңге төлесе, 16 жасқа дейінгі балалар үшін жалға беру құны 200 теңге. Ұйымдастырушылар алда сұраныс көбейсе, қажетінше шаңғы мен коньки алуға әзір.

 

Сергей Готко, “Планета” туристік орталығы” МКҚК директоры:

-Біздегі су жаңа 100 жұп шаңғы ботинкаларының өлшемі 34-тен 46-ға дейін. Оған сұраныс көп болса, санын арттырамыз. Шаңғы бойынша 3 нұсқаушыны жұмысқа алдық. Шаңғыны ересектерге сағатына 500, ал 16 жасқа дейінгі балаларға 300 теңгеге жалға береміз.

Сауығу орны отбасылық демалысқа ыңғайлы етіп жасалыпты. Мәселен, отағасы шаңғы тепсе, оның зайыбы мен балалары конькиді таңдай алады.

 

– Мұз айдыны сапалы етіп құйылған. Осыған дейін “Жастар” стадионында сырғанайтынмын. Енді, алысқа бармайтын болдым. Әрі бұл жерде шаңғы тебу мүмкіндігі де бар.

– Ең алдымен шаңғы мен конькиді жалға беретін нысанның дәл үйімнің жанында ашылғаны жақсы. Екіншіден, бұл саябақ менің сүйікті демалыс орным. Жан-жағымдағы табиғатқа көз тастап, мөлдір айдында еріксіз сырғанай бергім келеді.

 

Көктем мен жаз айларында бұл бекетте велосипедттер жалға берілетін болады.

 

Берік Қасен