Қоғам

Өткен жылы жануарлар әлеміне браконьерлерден 2 млн теңгеден астам шығын шекті

 

 

Орман – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына жатады. Бұл ретте елімізде қабылданған арнайы заң қаншалықты сақталуда. Осыны анықтау тұрғысында өткен жылы облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының мамандары бекітілген кестеге сай 101 тексеріс өткізген. Нәтиже көңіл көншітерлік емес.

Түз тағылары да табиғат ананың сыйы. Олар да орманның ажырамыс бір бөлігі болып табылады. Алайда бұл жерде де заңды белден басушылық жоқ емес. Былтыр аталмыш инспекция мамандары 10 тексеріс пен 93 рейд жүргізіпті. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 124 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұл мөлшері 1 миллион 150 мың теңгеге жуық.

Тазы ит, қыран бүркіт, берен мылтық. Осылармен ертеректе ата-бабаларымыз саятшылық құрған. Алайда бүгінде аңшылық бекітілген заңға сәйкес жүргізілуі шарт. Еріккеннің ермегіне жол жоқ. Мәселен заңсыз атылған бір қабан немесе марал үшін салынатын айыппұл 350 мың шамасында. Саятшылыққа шыққан тұста осыны ескергеніңіз жөн.

 

Самат Есмағи