Бизнес және экономика

Азық-түлік қауіпсіздігі

 

Өткен жылдың соңында қала прокурорлары заңсыз шұжық өнімдерін шығаратын жасырын цехтың жұмысын әшкереледі. Құзырлы орган өкілдері кейін анықтағандай кәсіпкерлердің ешбір рұқсатсыз ет өңдеп жүргендеріне 2 жыл болыпты. Санитарлық талаптар мүлдем ескерілмеген ғимаратта әзірленген өнім қала базарларында сатылған. Сауда сөрелеріне жетпей қалған соңғы партия тәркіленді. Тексеріс күдікті растады.

 

Данияр Мұстафин, Петропавл қалалық прокурорының көмекшісі:

– Сараптама жұмыстары өнімнің санитарлық талаптарға сай келмейтінін көрсетті. Сот өнім жойылсын деп шешім шығарды. Тәркіленген тауардың көзі құртылды. Кінәлілер жауапқа тартылды. Жасырын цехтың жұмысы тоқтатылды.

 

Оңай жолмен ақша табуды көздеген кәсіпкер тауарынан ғана айрылып қалған жоқ. Сондай-ақ 60 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге мәжбүрленіп, тағы бір шығынға батты.

 

Данияр Мұстафин, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:

– Тұтынушылардың құқығын қорғау үшін былтыр бірнеше тексеріс жүргізілді. Негізінен тұрғындар жолдаған шағымдар бойынша 18 азық-түлік өндіруші кәсіпорынның жұмысын қарадық. Нәтижесінде 402 келіге тарта азық пайдалануға жарамсыз деп танылды. Бірқатарының қолданыс мерзімі өтіп кеткен. Саудадан алынған тамақ өнімдерінің көпшілігінде сапасын растайтын құжаты жоқ.

 

Жалпы жыл басынан тамақ өндірісінде ағаттыққа бой алдырған 17 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кемшіліктерді жою тұрғысында 12 хаттама толтырылған. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қамында шаһар прокурорларының өткен жыл бойы жүргізген тексерістерінің нәтижесі.

 

Жеңіс Ермұқанов