Қоғам

Солтүстікқазақстандық христиандар Рождество мерекесін тойлауда

 

Құран-Кәрімде көршіңмен де, өзгелермен де жақсы қарым-қатынаста бол деп айтылған. Осы бұлжымас қағиданы ынтымағы жарасқан ел халқы қашан да ұстануға тынысады. Соның айқын дәлелі ретінде Рождество мерекесінде шіркеуге жиналған барша православ сеніміндегі қалалықтарды атаулы күнмен өңір мұсылмандарының атынан Қызылжар орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Дүйсенбай мен католик Дариуш Пашинский құттықтады.

 

Кенжетай Дүйсенбай, Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:

-Облыстың барлық мұсылмандары атынан Сіздерді және барлық православие сеніміндегі жұртшылықты жарқын мереке Рождествоен құттықтаймын.

 

Дариуш Пашинский, Петропавлдағы рим-католик приходы «Қасиетті Троица» діни бірлестігінің настоятелі:

-Архиепископ Томаш Петриктің, облыстағы барлық католиктер атынан Сіздерді шын жүректен Рождествомен құттықтаймын. Осы мереке күндері  барлығыңыз да Құдай сүйген, қателеріңізге кешірім жасалып, жазадан құтқарылған адамдар екендіктеріңізді сезінулеріңізді  тілеймін.

 

Кейін Петропавл және Булаев епархиясының епископы Гурий мәртебелі қонақтарға рождестволық салт-жоралғылардың тарихы мен христиан дініндегілердің мерекені қалай атап өтетіндігі жайында қысқаша мәлімет берді. Ал Вознесение соборы Рождество мерекесіне тыңғылықты дайындалған. Шіркеу қызметшілері меймандарды жылы қарсы алып, оларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысты.

Жарқын мереке шынайы мейірімділік пен татулықты дәріптегендіктен оған Петропавл тұрғындары бүкіл отбасымен келуге тырысады. Евгений мен Светлана Воловиктер шіркеуге ұлы мен кішкентай қызын ертіп келіпті. “Баланы – жастан” демекші тату жанұя осылайша бауыр еті балаларның бойына ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін сіңіргісі келеді.

 

Воловиктер жанұясы:

-Біз бұл мерекені жыл сайын отбасымен бірге тойлауды дәстүрге айналдырдық. Одан бөлек, аптаның әр жексенбісінде шіркеуге келіп, құдайдан  медет тілеп, дұға етеміз. Бұл менің балаларыма ұнайды. Үлкен ұлым Даниил бірнеше дұғаларды жатқа оқиды. Жаратушымыздан елімізге бейбітшілік пен жанұямызға денсаулық сұрайды.

 

Бұл күні әр баланың тілегі періштенің құлағына шалынады деген сенім де бар.

 

Даниил:

-Барлығыңыз бір-біріңізге тату, мейірімді болып, өз дәстүрлеріңізді білулеріңізді тілеймін.

 

Рождество мерекесінде тұрғындардың жан жылуын сезінбей жүрген науқас туысқандарына, ағаттық жасап, темір тордың ар жағына қамалған жақындарына барып, жағдайын сұрағаны абзал. Сонымен қатар, өзі таныстарына аман-сау жүрсін деген ниетпен естелік сыйлықтар үлестіру мерекенің көркін аша түспек.

 

Берік Қасен