ТКШ

“Основание” ЖШС өткен жылы 9 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызды

 

Анатолий Воронин өңіріміздегі көптеген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің бой түзеуіне үлес қосқан тәжірибелі құрылысшы. Оның қоғамға аса қажетті ғимараттарды қалап жүргеніне 30 жылдан асыпты. Өмірлік қызметіндегі ұстанымы “жылдам, сапалы әрі жайлы”. Хас шебердің осы қасиеттерінің жиынтығынан туған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Өткен жылдың соңында жерлесіміз “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды.

 

Анатолий Воронин, “Основание” ЖШС участок басшысы:

– Үкімет жұмысымды ерекше бағалағанына қуаныштымын. Бастысы таңдаған ісіме жауаптылықпен қарауға тырысамын. Сапа жағын бірінші орынға қоямыз. Өйткені көбіне халық игілігі үшін баспана саламыз. Қолданысқа берілген нысандардан шағым түсе қоймайды. Мен үшін ол басты баға.

 

2 жыл бұрын Анатолий Иванович мына 9 қабатты баспананың салынуына қомақты үлесін қосқан. Биыл іргесінен дәл сол үлгіде тағы бір үй тұрғызылып жатыр. Оның да құрылыс басында Анатолий Воронин жетекшілік етіп жүр. Іргетасын құюға 10 шақты маман тартылған. Жыл соңына дейін 38 пәтердің кілті тапсырылады деп күтілуде. Жалпы “Основание” серіктестігінде 300-ден артық құрылысшы еңбек етіп, нәпақасын табуда.

 

Сергей Тимофеев, “Основание” ЖШС директоры:

-Өткен жылы барлық жоспарды уақытымен орындадық. Береке ауданында 80 пәтерлі жалдамалы коммуналдық баспана қолданысқа берілді. Сондай-ақ  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 90 пәтерлі үй салып бердік. Негізінен үкімет тапсырысын орындап жатырмыз. Қазір Аққайың аудандық емханасының құрылысын жүргізіп жатырмыз.

 

Жалпы 2013 жылы “Основание” ЖШС-гі 9 мың шаршы метрден артық баспана қолданысқа берген. Жобалардың дені “Қолжетімді баспана” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан.

 

Жеңіс Ермұқанов