Көлік және жолдар

Қоғамдық көлік қызметі көңілден шықпай отыр

 

Күнделікті мыңдаған қала тұрғыны қоғамдық көліктердің қызметіне жүгінеді. Таң атқаннан кешке дейін облыс орталығында 300 шақты автобус өзіне белгіленген бағыт бойынша жолаушыларды тасымалдайды. Қоғамдық көліктердің жұмысына әсіресе, қыс уақытында сын-шағымдар көбейетіні заңды. Ауа температурасы тым төмендеген уақытта Аспан асты елінен келген шағын автобустар істен шығып, жұмысқа жарамай жатады. Қалалықтар жаңа жылдық мерекелерде де бірқатар ыңғайсыздықтарға тап болғандарын айтуда.

 

– Мен 23-ші маршрутта жиі жүремін. Ол кейбір аялдамаларда тоқтамайды.

– Автобустар ұнайды. Орын бәрімізге жетеді. Суықта тоңып, көлікті тосып қалған кездерім болмады.

-23-ші автобус кейбір аялдамаларда тоқтамайды. Және іші суық.

 

Жерлестеріміз әсіресе облыс орталығындағы 23, 25 және 31-ші бағыттағы қоғамдық көліктердің жұмысына шағымдануда. Жолаушылар кей автобустар аялдамаларға дер кезінде келмейді десе, Қытай маршруткаларының іші тым тар. Қоғамдық көліктердің қызметіне жиі жүгінетін қала тұрғыны Айгүл Жармұхамбетова орын үшін жолаушылармен сөзге келіп қалатын кездер де болатынын айтады.

 

Айгүл Жармұхамбетова, қала тұрғыны:

-Бір кішкене шағын пакетпен кірсек, бір-бірімізді итеріп, сол орын үшін бір-бірімізді ренжітуге дейін барамыз. Оған қоса үлкен адамдар 2 адамға шақталған орындықтарға симай жатады.

 

Мереке қарсаңында автобустармен қатынайтын жолаушылардың саны күрт артады. Осыған орай “СҚО автокөлік одағы» көп жылғы тәжірибеге сүйеніп, бағыттық автобустардың жүру кестесін өзгертеді.

 

Галина Семенова, “СҚО автокөлік одағы» Ассоциациясының төрайымы:

-Автобустар жаңа жылдың алғашқы екі күнінде таңғы сағат 10-нан бастап жүре бастады. Және біз жүргізушілерге демалыс күндері жүру кестесін 10-15 минутқа белгілеп бердік. 3 қаңтарда күн күрт суытты. Салдарынан жанар-жағармай қатып, кейбір көліктер жүрмей қалды. Автобустың қозғалысына көктайғақ та кедергі жасайды. Техника болғасын, сыр бермей тұрмайды. Мұны халық дұрыс түсінуі тиіс.

 

Автобустардың суықтығына қатысты да жүргізушілердің өз уәжі бар. Олар әр аялдамада есік ашылатын болса, салонның жылылығын қамтамасыз ету мүмкін емес дейді. Барлығы қалалықтарға осы күні 9 мекеме қызмет көрсетеді. Олардың бәріндегі жағдай бірдей деп айта алмаймыз. Табиғаттың осы сынды тосын сыйларында апаттық жағдайларға тап болмау үшін қозғалмалы резервтік құрамдар дайындалады. Істен жиі шығатын көліктер бірте-бірде жаңасына ауыстырылуда. Мысалы өткен жылы қаладағы 25-ші бағыт бойынша қатынайтын 300-ге тарта жолаушы көліктерінің 20 пайызы жаңартылған. Көп ұзамай бірқатар автобустардың бағыттары өзгермек. Тасымалдаушылар жолаушылардың сұранысы жоқ бірқатар бағыттарды қысқартып, жаңаларын ашуды жоспарлаған.

 

Берік Қасен