Құқық қорғау органдары

Өткен жылы темір жолда 17 оқыс оқиға тіркелді

 

Өткен жылдың 12 айында Петропавл станциясындағы желілік ішкі істер бөліміне қарасты аумақта 107 қылмыс тіркеліпті. Заң бұзушылықтардың негізгі бөлігі ұрлыққа қатысты. Ондай қылмыстардың саны – 36. Мұқият болмауы салдарынан жолаушылар сөмкелері мен ұялы телофондарын, ноутбуктарын жоғалтып жатады. Бұндай қылмыстық істерді ашу оңайға соқпайды. Дегенмен жылан жылында орын алған заң бұзушылықтардың 93 пайызының беті ашылыпты. Бұдан өзге темір жол бойында да оқыс оқиғалар аз болмаған.

 

Арман Ақмағамбетов, Петропавл станциясы ІІЖБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:

– Былтыр 17 оқыс оқиға тіркелді. Заң бұзушылықтар ережелерді сақтамаудан, ішімдік ішу салдарынан болып жатады.

 

2012 жылы ата-аналардың қарауынсыз қалған 3 бала теміржолға шығып кетіп, қаза болған еді. Қуантарлығы өткен жылы мұндай қайғылы факті тіркелмеген. Былтырғы оқыс оқиғаларға негізінен жолаушылардың өздері себепкер болғанға ұқсайды.

 

Арман Ақмағамбетов, Петропавл станциясы ІІЖБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторы:

– 2012 2013 жылды салыстырғанда оқыс оқиғалар аз болды. Сонымен қатар біз алдын  алу шараларын өткіземіз. Теміржолға жақын орналасқан мектептер мен колледж студенттеріне дәріс оқимыз. Жадынама таратамыз.

 

Мамандар теміржол маңында сақ болып, ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.

 

Бану Ахметова