Қоғам

Өңірде халықтың жұмыспен қамтылуын зерттеуге арналған жоба қолға алынды

 

Халық арасында сауалнама жүргізу оңай шаруа емес дейді облыстық статистика департаменті басшысының орынбасары Жанар Қызбекенова. Тұрғындардың интервьюерлерге деген сенімі өте төмен. Көп жағдайда сауалнама барысында қалалықтар жұмысы мен жалақысы туралы мәлімет бермек түгілі, есігін де ашпайтын көрінеді. Ал сауалнама барысында алынатын жауаптардың маңызы орасан. Бұл ақпарат жаңа әлеуметтік жобаларға негіз болып, “Жұмыспен қамту жол картасы-2020” мемлекеттік бағдарламасының олқы тұстарын анықтауға мүмкіндік береді.

 

Жанар Қызбекенова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Облыс тұрғындарын сауалнамаға қатысуда белсенділік танытуға шақырамын. Әр сұраққа егжей-тегжейлі жауап беру қажет. Халықтан алынған мәлеметтің маңызы біз үшін айрықша.

 

Сауалнаманың нәтижесінде еңбек етіп жүргендер мен жұмыссыздардың саны, қызметке орналасу туралы ақпараттарды алуға мүмкіндік бар. Мәселен, солтүстікқазақстандықтар қалаған қызметін табу үшін қанша жүреді? Жанына жақын жұмыс таппағандары не себепті үмітін үзеді? Осы сауалдарға жауап беретін отбасылары кездейсоқ таңдалған.

 

Жанар Қызбекенова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Сауалнама тұрғындармен сұхбат жүргізу арқылы өткізіледі. Интервьюерлерде департамент басшысының қолы қойылған және мөрмен расталған бейдж болуы керек. Сауалнама жүргізу уақыты 30 минут көлемінде белгіленген.

 

Тізімге кірген тұрғындар 89 сұраққа жауап беруі тиіс. Мамандар алынған ақпараттың құпия болып қалатынына кепілдік береді. Сауалнама тек статистикалық мақсатта жүргізілмек. Барлығы сұрақ-жауапқа 12 155 солтүстікқазақстандық тартылмақ. Бұл шара кезінде облысымыздың барлық ауданын қамту көзделген.

 

Бану Ахметова