Білім

500-ден астам оқушы білім сайысына қатысуда

 

Облыстық олимпиадаға келген Ержан Салимов мектеп қабырғасында алған білімін көрсетіп, Шал ақын ауданының намысын қорғамақ. 10-сынып оқушысының аталмыш сынақтарда қатысу тәжірибесі баршылық. Осыған дейін географиядан аудан көлемінде өткен қос олимпиадада бағын сынап, 2 орынды еншілеген. Ержан облыстық кезеңде де жеңімпаздар қатарынан көрінетініне сенімді.

Ал Әбу-Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия интернатының оқушысы Олжан Қайыргелді математика пәнін таңдаған. Өйткені, болашағын осы математика саласымен байланыстыруды көздепті.

Жалпы олимпиаданың облыстық кезеңіне қала мен аудан мектептерінен 9-10-11 сыныптардан 500-ден аса оқушы қатысып, 15 пәннен бақтарын сынайды. Әр пән бойынша ұсынылған тапсырмалар әр түрлі, мысалы, географиядан 2 теориялық тапсырма мен 30 тесті берілсе, әдебиетті таңдаған оқушылар 4 сағат көлемінде шығарма жазады. Жыл сайын олимпиада тапсырмаларын “Дарын” республикалық орталығы дайындайды.

 

Валентина Черных, СҚО білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы білім бөлімінің жетекшісі:

– Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі 2 бағыт бойынша өтуде. Біріншісі – жаратылыстану-математика, ал екінші бағыты жалпы-гуманитарлық пәндер бойынша. Тапсырмалардың орындалуын СҚМУ-нің оқытушылары мен Республикалық “Өрлеу” орталығының мамандары бағаламақ.

 

Республикалық олимпиаданың 4-ші кезеңі наурыз айында Өскемен және Шымкент қалаларында өтпек. Онда облыс намысын әр пән бойынша тапсырмаларды айна-қатесіз орындаған 2 оқушыдан қорғайтын болады.

 

Бақыт Сәдуақасов