Құқық қорғау органдары

2014 жылы тіркелген алғашқы құқықбұзушылықты мектеп оқушылары жасаған

 

Желтоқсанның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түні облыстық ІІД жедел басқару орталығына қаладағы мәдениет және демалыс саябағының жанындағы аллеяда жарықтандыру шамдарынының сындырылғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнынан іздерін суытып үлгермеген екі бұзақыны сол маңда кезекшілікте жүрген әмбебап полицейлер көп ұзамай қолға түсірді. 15-16 жасар жеткіншектер қаладағы №10 орта мектепте оқиды. Бұған дейін ешқайсысы құқық қорғау органдарында тіркеуде тұрған емес. Сондықтан бұл жолғы ағаттық абайсызда орын алды деп ақталуда. Жаңа жылды үйде қарсы алған балалар  кейін достарымен көше аралауға шығыпты. Бір-біріне қар лақтырып ойнап жүргенде, абайсызда плафонға тигізіп, шынысын сындырған.

 

Жұлдыз Бағыт, Петропавл қ. ІІБ ювеналдық полициясының аға инспекторы:

– Қазір әкелген материалдық шығын көлемі есептелуде.

 

Ата-аналар балаларын бейнекамераға түсіруге тыйым салды.

Абайсызда сынғанмен, орталық көшедегі шамдардың жарамсыз болып қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Сондықтан, аталған факті бойынша жиналған материал мамандандырылған әкімшілік сотқа тапсырылады. ҚР әкімшілік кодексінің 331-ші бабына сәйкес заңбұзушылық үшін 2-ден 5 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Ал бұл жағдайда, балаларының қылықтары үшін ата-аналары айыппұл төлейтін болады.

 

Мағжан Ахмадина