Бизнес және экономика

Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты өткен жылды табысты аяқтады

 

Ұзындығы – 50, биіктігі 7,5 метр болатын мына модульдік құрылымды “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС 1 аптаның ішінде ғана тұрғызған. Ыңғайлы нысанды құрал-сайман, болмаса өзге де өнімдерді сақтайтын қойма ретінде не мал, құс ұстайтын үлкен қора есебінде пайдалануға болады. Аталмыш кәсіпорын мұндай нысанның профлист және жылуды сақтайтын сендвич-панельмен қапталған 2 түрін шығарады. Инженер-механиктердің айтуынша, осы сынды құрылымдар қаламызда бұрын-соңды жинақталмаған. Олар сары аязға қарамастан, нысанды межелі уақытта тапсырмақшы.

 

Валерий Пресняков, “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС инженер-механигі:

-Мұндай жұмыстың еш қиындығы жоқ. Дегенмен, аязды күндерге қарамастан нысанды уақытында тапсыру керекпіз. Қысқа мерзімде тез тұрғызылатын темір қаңқаларының сапасы жоғары. Тапсырыс берушілердің біздің жұмысымызға көңілдері толды. Өйткені, бәріміз бір адамдай еңбекке жауапкершілікпен қараймыз. Жалақыны да уақытында алып тұрамыз.

 

Кәсіпорынның жұмыс қарқыны өткен жылдармен салыстырғанда біршама артқан. Еліміздің 6 өңірінен тұрақты тапсырыс түсіп тұрады, сәйкесінше жұмыспен қамтылған жерлестеріміздің қатары да қалыңдады.

 

Азамат Беккужинов, “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС директорының орынбасары:

-2012 жылы 950 млн. теңгенің өнімін шығардық. Оның бір бөлігін заманауи құрылғыларды алуға жұмсаймыз, қалған сома өндірісті ұлғайту үшін қайта айналымға жіберіледі. Біз сонымен қатар кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының қызметіне жүгініп, “Даму” қорының қолдауымен екінші деңгейлі банктен 12,7 пайыздық мөлшерде несие алдық. Біз мұнымен шектелмей, трансферттік технологияларды жетілдіруде, менеджерлерді оқытуда әлі де “Даму” қорының көмегіне жүгінетін боламыз.

 

“Жылдам тұрғызылатын ғимараттар мен құрылымдар зауыты” ЖШС-інің жоспарлары ауқымды. Олар алдағы уақытта “ЭКСПО-2017” халықаралық көрмесінің құрылысына қатысуды ойластыруда.

 

Берік Қасен