Денсаулық сақтау

Жаңа жылда өмір есігін ашқандар

 

Ана болу жаңадан тұрмыс құрған әр нәзік жандының арманы екені рас. Мұндай бақытқа бөленгендердің бірі – Елена Луценко. Жас ана тұңғышын желтоқсанның 31-інде дүниеге әкеліпті. Жаңа жылда шыр етіп дүние есігін ашқан қыз баланың салмағы 2 келі 600 грамм ғана.

 

Елена Луценко:

– Мен қызым дәл жаңа жыл түнінде туады деп ойлаған жоқпын. Бұл мен үшін мерекеге орай күтпеген сый болды. Есімін Злата деп қойдық. Жаңа жылда ана атанып, мерекені сәбиіммен бірге жоғары көңіл күймен қарсы алдым.

 

Ал, екі бірдей ұлдың анасы Наталья Левинаға жаңа жыл 3-ші сәбиін сыйлаған. Жерлесіміз жылқы жылының алғашқы сағаттарында көптен күткен қызын дүниеге әкелді.

 

Наталья Левина:

– Нәрестемді аман-есен тууға көмектескен дәрігерлерге үлкен алғысымды айтамын. Мереке күні босансақ та, ақ халатты абзал жандар бізге қолдарынан келген көмектерін аямады.

 

Ақ халатты абзал жандар әр мерекені жұмыс орынында атап өтеді. Жаңа жылдық демалыстарда да дәрігерлер кезекшілік атқарған.

 

Гүлнар Қалықова, облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:

– Мереке күндері әдеттегідей жұмыс істейміз. Жылқы жылының алғашқы 6 күнінде орталықта 65 сәби дүниеге келді.

 

Нақты желтоқсанның 31-нен қаңтардың біріне қараған түні орталықта 10 сәби дүниеге келген. Оның 6-уы ұл болса, қалған 4-еуі қыз бала.

 

Анна Кухарук, облыстық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы:

– Ең алғаш болып мерекелік түні 5 минутсыз 2-де ұл бала дүниеге келді. Ана табиғи жолмен босанды. Ал, жалпы, мереке күндері тек 1 әйелге ғана кесерев отасы жасалды. Аналар мен бөбектердің қазіргі жағдайлары өте жақсы.

 

Ал, жалпы облыс бойынша жылқы жылының алғашқы тәулігінде 17 сәби шыр етіп дүние есігін ашқан. Бұл былтырғыдан 6 нәрестеге аз. Барлығы 2013 жылы облыста 7 жарым мың нәресте өмірге келген. Бұл жылдың нәтижесін уақыт көрсетеді.

 

Бану Ахметова