Қоғам

ХҚКО қызмет көрсету аясын кеңейтуде

 

Жыл басынан халыққа қызмет көрсету орталығында көрсетілетін қызметтердің 7-еуі қысқартылды. Есесіне жаңадан 18-і қосылып отыр. Бұған дейін тұрғындар бірқатар қызмет түрлерін алу үшін тікелей мемлекеттік орган мамандарына жүгініп келген-ді. Енді дәл осы қызметтер екі жерде көрсетіледі.

 

Ольга Юрьева, СҚО бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының БАҚ бойынша менеджерінің міндетін атқарушы:

– Екі қолға бір күрек таппай жүрген тұрғындар орталықта да жұмыссыз ретінде тіркеліп, арнайы анықтама ала алады. Және тұрғылықты мекен-жайы бойынша әлеуметтік көмекке жүгінуілеріне мүмкіндік бар. Сонымен қатар жаңа қызмет түрі білім саласына да енгізілді. Мәселен, азаматтар арнайы немесе жоғары білімдері жайындағы құжаттың көшірмелерін ЖОО-на бармай-ақ, ХҚКО ала алады.

 

Үкіметтің электрондық порталына да жаңашылдық енгізілген болатын. Ол – тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдар мен ұсыныстарды бейнебайланыс арқылы мемлекеттік орган жетекшілеріне жеткізу. Басшымен байланыс тегін түрде жүзеге асады.

 

Виталий Сосновский, СҚО бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының инспекторы:

– Экранда барлығы қарапайым түрде түсінікті етіп көрсетілген. Ең алдымен мына терезеге кіріп, жеке идентификациялық нөмірді теріп, электронды почтаның мекен жайын тіркейсіз. Содан кейін мемлекеттік органдардың жетекшілерінің көмегіне жүгіне аласыздар.

 

Бейнебайланысқа 3 минут беріледі. Ал, жауабын екі жұмадан кейін алуға болады. Бір қызығы, қызмет іске қосылған қыркүйек айынан бері оның көмегіне екі тұрғын ғана жүгініпті.

2014 жылдың қаңтарынан бір АЕК құны да өсіп, 1852 теңгені құрады. Бұл сома былтырға қарағанда 121 теңгеге артық. Осыған байланысты түрлі қызметтерге бекітілген мемлекеттік баж көлемі де өскен.

 

Ольга Юрьева, СҚО бойынша халыққа қызмет көрсету орталығының БАҚ бойынша менеджерінің міндетін атқарушы:

– Жеке куәлікті немесе уақытша жеке куәлік рәсімдеу құны 370 теңге 40 тиынды құрады. Ал, тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркеуге тұру үшін 185 теңге 20 тиын төлеуге тура келеді. Паспорт пен жеке куәлікті бірге алу үшін 7778 теңге 40 тиын көлеміндегі баж бекітілді.

 

Ал егер мемлекеттік баж құны бұрынғы тариф бойынша төленген болса, онда екі соманың айырмасын ғана өтеу қажет.

 

Бану Ахметова