ТЖ

Құтқарушылар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді

 

31 желтоқсан мен 4 қаңтар аралығында өңірдің өрт сөндірушілері дабыл бойынша 21 рет атқа қонған. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті берген мәлімет бойынша оқыс оқиғалар 745 мың теңгенің шығынын әкелген.

 

Денис Шуваев, СҚО ТЖД мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бөлім басшысы:

-Жаңа жылдың алғашқы күні Қызылжар ауданындағы Налобино ауылының 47 жастағы тұрғыны үшін қайғылы аяқталды. Пештен түскен шоқтың кесірінен үйде өрт шығып, баспана иесі қаза тапты.

 

Мереке күндері орын алған өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда көп емес. Десе де олардың шығуына сол баяғы сымдардың қысқа тұйықталуы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы себеп болған. Жаңа жыл ала келген сарышұнақ сары аяз да құтқарушылардың жұмысына салмақ салды. Мамандар жолда қалып қойған 17 жерлесімізді құтқаруға атсалысқан.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

– Жалпы осы күндері 4 оқиға тіркелді. Оның 3-уі Тайынша ауданының аумағында, Астана-Петропавл тас жолында орын алған. Ал тағы бір оқыс жағдай Омбы-Көкшетау жолында тіркелген.

 

Қаңтардың 5-і күні Рублевка селосының маңында «Петропавл-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар көлігі тоқтап қалған. Автобус кешқұрым республикалық трассаның 414 шақырымында істен шықты. Қоғамдық көлікте 45 жолаушы мен екі жүргізуші болыпты. Автобус ажырату механизміндегі ақаудың кесірінен тоқтап қалған. Жолаушыларды құтқару үшін Петропавлдан дереу екінші автобус шақыртылыпты.

 

Владимир Тиньков, қалааралық автобус жүргізушісі:

– Басшылыққа хабарластық. Басқа автобус сапарға шығып, жолаушылар діттеген жерге жеткізді. Ешқайсысы шағымданған жоқ. Инспекторлар ыстық тағам ұйымдастырды. Барлықтарына алғысымызды білдіреміз.

 

Температураның күрт төмендеуі салдарынан жол бойында көлігі істен шыққан солтүстікқазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әмбебап полицейлер тас жолдардағы бақылауды жалғастыруда.

 

Мағжан Ахмадина