Энергетика

Энергетиктер “Парыз” сыйлығына ие болды

 

Экологиялық жағдайды жақсарту үшін облыс орталығының ірі кәсіпорындарының бірі «СевКазЭнерго» АҚ-да барлық мүмкіндіктер жасалуда. №2- ші Петропавл жылу-электр орталығының барлық 11 қазандығында екінші деңгейлі эмульгаторлар орнатылған. Олар қоршаған ортаға зиянды заттардың бөлінбеуіне кепіл болады. Айталық 2008 жылдан шығарылатын зиянды заттардың көрсеткіші 6 есеге қысқартылған. Онымен қоса мұнда ескірген қондырғыларды заманауи құралдарға алмастыру жұмыстары жүргізілуде.

 

Анна Айтикеева, «Севказэнерго» АҚ қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

-Биыл 14-ші желтоқсанда №4-ші турбоагрегат іске қосылды. Қондырғы құрылысына 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Соның арқасында станция қуаттылығы 63 Мватқа артып, 410 Мватты құрады. Оның үстіне зиянды заттардың шығарылуы 2,5 есеге қысқарды.

 

Кәсіпорынның келешекке жоспарлаған мақсаттары ауқымды. Бір сөзбен айтсақ, олар жеткен жетістіктермен тоқтап қалмақ емес.

 

Радий Айтикеев, «Севказэнерго» АҚ бас инженері:

– Кәсіпорын 2016 жылға дейін 1-ші, 5-ші турбоагрегаттарды ауыстыруды көздеп отыр. Онымен қоса 2014 жылдың мамыр айында 8-ші қазандықты іске қосамыз.

 

Қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарған осындай жұмыстары үшін биыл серіктестік бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша “Парыз” сыйлығының лауреаты атанды. Сөйтіп еліміздегі 534 кәсіпорнының арасында өздерінің мықты екендіктерін тағы бір дәлелдеді.

 

Мағжан Ахмадина