Қоғам

Бұрынғы полицейлердің үкімі өзгертілді

Естеріңізге сала кетсек, қоғамды дүр сілкіндірген оқиға 2012 жылдың басында орын алған болатын. Онда Есіл ауданының Ясновка орта мектебінде компьютер жоғалып, тәртіп сақшыларының күдігі бірден осы білім ошағында зертханашы болып істейтін Иван Рожновқа түскен еді. Кейін оның кінәлі емес екендігі дәлелденгенімен, полицейлерден қашқан жігіт аязда орман кезіп, мүгедек болып қалды. Оның арбаға таңылуына себепші болған Есіл аудандық ІІБ криминалдық полиция бөлімінің бұрынғы басшысы мен жедел уәкілі қазір темір тордың арғы жағында отыр. Қалалық сот оларды 5 жарым жылға абақтыға қамау туралы шешім шығарған-ды. Ендігі облыстық соттың үкімі мынадай болды.

 

Қозыкен Досанов, СҚО сотының судьясы:

– Айыпталушы Қайрат Сәрсенбаев 4 жылға қамауға алынсын. Ал, Козырев 3 жыл 6 айға темір торға жабылады. Екеуі де 3 жыл бойы мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырылады. Және толықтай жеке мүлкі тәркіленеді. Сонымен қатар жәбірленушіге келтірілген моральдық залалдың өтемақысы 500 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін ұлғайтылсын.

 

Алайда, соттың шешімімен айыпталушылардың туған-туысқандары тағы да келіспей отыр.

 

Айман Сәрсенбаева,Қайрат Сәрсенбаевтың жұбайы:

-Мен бұнымен тоқтамаймын. Өйткені менің күйеуімнің бұл істе кінәлі екендігін дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Мен түсінбеймін. Әділдік қайда?

 

Елена Козырева, Руслан Козыревтың анасы:

-Мен өз күшіме сенемін. Бұл үкіммен мүлдем келіспеймін. Әділдік орнамайынша тоқтамаймын. Жоғарғы сотқа дейін шағымданамын.

 

Айыпталушылардың адвокаты да соттың шешіміне үзілді-кесілді қарсы.

 

Игорь Петровский, адвокат:

– Менің қорғауымдағы азаматтар тек жәбірленушінің түсінігі негізінде темір тордың арғы жағында отыр. Олардың кінәлі екендігіне қатысты бір де бір дәлел жоқ. Сондықтан да соттың үкімімен келіспеймін.

 

Осылайша соттың үкімімен келіспеген айыпталушылардың туған-туысқандары, жан айқайымызды Жоғарғы сот естейтін шығар деген үмітпен тарқасты. Ал, жәбірленуші Рожновтың тарапынан сотқа ешкім келген жоқ.

 

Бану Ахметова