Қоғам

Жаңа жылды жұмыс орнында қарсы алады

Әрбір жүкті әйел адам үшін құрсағында 9 ай көтеріп, өсірген баласының дүниеге сау болып келуі бақытты сәт. Ал сәбидің жаңа жылдың алғашқы күндері өмірге келетіндігі бір жағынан қуанышты, ал екінші жағынан қобалжулы шақ. Бірақ мереке болса да, бұл күні дәрігерлер әдеттегі режимде жұмыс істейді.

 

Наталья Клебан,облыстық перинаталдық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

-Әрбір ана үшін және оның отбасына баланың дүниеге келуі үлкен оқиға. Бірақ дәрігерлер бұл күні әдеттегі кезекшілік бойынша жұмыс істейді. Жаңа жыл қарсаңында да, тіпті 1 қаңтардың алғашқы минуттарында да сәбилер өмірге келіп жатады.

 

Перинаталдық орталықта жатқан әрбір ана бұл күні ақ халатты абзал жандардың құттықтауын тыңдайды.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

– 2013 жылы өңірімізде 7,5 мыңға жуық бала өмірге келді. Мамандардың болжамына сай, 2014 жылдың алғашқы күні- ақ тағы 17 сәби дүние есігін ашпақ.

 

Мереке болса да, перинаталдық орталық дәрігерлері үшін бұл әдеткі кезекшілік. Мамандардың айтуынша, көпжылдық тәжірибе көрсеткендей жаңа жылдық түнде дүниеге келетіндердің көпшілігі ұл балалар. Айталық биыл 1 қаңтар күні 23 бала өмірге келсе, солардың 14-і ұл, 9-ы қыз бала болған.

Мерекелік кештерді қызмет басында отырып қарсы алатындардың қатарында өрт сөндірушілер де бар. Досжан Қабикеновтің өрт сөндіруші болып жұмыс істеп жүргеніне 2 жыл ғана болыпты. Осы уақыт аралығында ол қызметінің қаншалықты жауапты екендігін жақсы ұғынған. Өйткені нақ Досжанның оқиға орнына жедел жетуінің арқасында құтқарушылар отты уақытылы ауыздықтайды.

 

Досжан Қабикенов,СҚО ТЖД Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі:

– Мереке болсын, адам өміріне араша болу біздің міндетіміз. Сондықтан біз жедел түрде оқиға орнына жетіп, көмек көрсетуіміз қажет.

 

Дегенмен, жаңа жылды кезекшілікте қарсы алатын құтқарушылар бұл күні шақырту болмаса, дастархан жайып әріптестерімен бірге мерекені атап өтеді. Әр кез шақыртуға дайын тұратын құтқарушылар бұл күні күшейтілген режимде жұмыс істемек.

 

Болатжан Асқарбеков,СҚО ТЖД Петропавл қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:

-Кезекші карауыл жұмысқа шығады. Барлық резервтегі техника шығарылады. Қосымша офицер кезекшілікке кіріседі. Оқиға орнына барлығы шығып, басшылық та жағдайды бақылауда ұстап отырады.

 

Мереке уақытында тіркелетін өрттердің көбі  пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбаудың кесірінен орын алатын көрінеді. Сондықтан мамандар сақтықта қорлық жоқ деген қағиданы ұстанған жөн дейді.

 

Мағжан Ахмадина