Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі қорытынды кеңес өткізді

 

Өңір жетекшісі қорытынды кеңесті жаңадан тағайындалған басшыларды таныстырудан бастады. Енді индустриялық-инновациялық даму басқармасына Марат Ысқақов жетекшілік ететін болады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Үстіміздегі жылы индустриялық-инновациялық даму басқармасын құрған болатынбыз. Осыған дейін аталған мекеме басшысының міндетін Марат Ысқақов атқарып келген. Енді мен оны байқау негізінде өңірлік индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымына тағайындаймын. Оны жерлестеріміз жақсы таниды. 1969 -жылғы. Бескөл аулында дүниеге келген. Кезінде Павлодардағы индустриялық институтты тамамдаған. Сондықтан, осы міндетке сай деп білемін.

 

Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшылығына Алмас Хасенов тағайындалды. Кейін жиынға қатысушылар күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға ден қойды. Алдымен өлке дамуының негізгі көрсеткіші – бюджеттің кірісі сөз болды.

 

Қайрат Жолмұхамбетов, СҚО бойынша салық департаментінің басшысы:

– Жалпы бюджет бізде 103 пайызға орындалды. Болжам бойынша қазынаға 53 млрд. 781 теңге түсуі керек еді. Есесіне сәл артықтау пайда көріп, 53 млрд. 958 млн. теңге кірді. Республикалық бюджет 108 пайызға орындалды. Жоспарға сәйкес 28 млрд 149 млн. теңгенің орнына 28 млрд. 381 млн теңге түсті. Жергілікті қазынаға келсек 99,8 пайызы орындалды. Қала қаржысының кірісі 102 пайызды құрап отыр.

 

Бұл ретте Ақжар, Тимирязев пен Жамбыл аудандарында өсім байқалмайды. Қазынаға кіріс келтірмеген бұл өңірлер әкімдерінің жұмысын облыс әкімі сынға алды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Келер 2014 жылға қабылдайтын бюджетіміз одан сайын шиеленіспек. Оны бүгінде аудан, қала бюджеттері сезінуде. Кіріс бөлігін біз осыған дейін де айтқан болатынбыз. Бюджеттің толық игерілмеуі жайында да күдіктер болған. Бірақ ол сейілді,қазірде облыс экономикасы біршама өскен. Оны жалақының өскендігінен, ауыл шаруашылығы өнімінің ұлғайғандығынан көріп отырмыз. Осылайша, біз өткен 2013-тегі кірісті ескеріп, келер жылда қаржыны орынды жаратуымыз керек.

 

Облыстың әлеуметтік-экономикалық бастамаларына жұмсалған ақшаны қаржы басқармасының басшысы жілік-жілігімен жіктеп берді. Бюджеттің шығыс бөлігінің игерілмей қалғаны 1 млрд. 973 млн теңгені құраған. Оның бір млрд. 97 млн теңгесі жергілікті қазынадан құйылған қаржының үлесінде. Бұнша соманың орындалмау себептерін өңір жетекшісі аудан әкімдерінен сұрап білді.Сеніп тапсырылған қаржыны іске асырып үлгермегендердің көш басында құрылыс саласындағылар тұр. Мақсатты қаржының 567 млн теңгесі игерілмей қалған. Денсаулық сақтау жүйесінде 28 млн теңгенің шаруасы тындырылмапты. Ауыл шаруашылығында одан 10 млн теңгеге кем қаржы діттегеніне жетпеген. Облыс әкімі бұл олқылықтардың орнын толтыруды жүктеді. Самат Ескендіров әсіресе құрылыс жоспарын орындамаған мердігерлермен келісім үзілсін деп қадап айтты. Маңызды шаруаға жауапсыздық танытқандар республикалық базаның қара тізіміне енгізілетін болады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Шарафутдинов жұмысты жаман істейтін болса, бұны бәрі білсін.

 

Сондай-ақ отырыста мемлекеттік қорына астық  тапсырудың жүзеге асу барысы айтылды.

 

Серікбай Туралинов, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бүгінде мемлекеттік резервке 48,3 мың тонна бидай жөнелттік. Бұл жоспардың 94% құрайды. Есіл, М.Жұмабаев, Қызылжар, Ғ. Мүсірепов пен Жамбыл аудандары тапсырылған ауқымды толықтай орындады. Аққайың, Тимирязев ауданының агроқұрылымдары жоспарды орындауға таяп қалды. Ал Ақжар ауданы межені тек 2,2 % игерді. Шалақындық диқандар  тапсырманың тек 20,8% еңсеріп үлгерді. Өзгелері жартысын орындады.

 

Өңір жетекшісі бұл жұмысқа қарқын қоса түсуді тапсырды. Сондай-ақ жалпы көлем индексін көтеріп, мал басын еселеуге күш салу керектігін тілге тиек етті. Жаңа жылдан “Агробизнес -2020” мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырыла бастайды. Самат Ескендіров Ұлттық жобаға өңір агроқұрылымдары жаппай атсалысуларының маңыздылығын да айтты. Жалпы 2013 жылды солтүстікқазақстандықтар жақсы жетістіктермен аяқтап отыр. Әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінде өсім бар.

 

Жеңіс Ермұқанов