Қоғам

Келер жыл иесі – жылқы

Тарихи деректерге сүйенсек, жылқы алғаш рет қазақ жерінде яғни, біздің өңірде осыдан 5 мың жылдан астам уақыт бұрын қолға үйретіле бастапты. Жалпы, бұл жануарды халқымыз әуелден текті малға жатқызған. Батырларымыз қамбар ата төлін серік етіп, жауға қарсы шапқан. Талай ақындарымыз да сәйгүліктерді өз жырларына арқау еткен.

Жылқы – төрт түлік малдың төресі. Қазақ халқы өсіретін қамбар ата төлін 3 топқа бөлген екен. Күшті, еті тығыз, жүрдек және жүйрік аттар. Жасына қарай да жылқы атаулары: құлын, 6 айдан асқанда жабағы, 2-3 жасында – құнан, 3-4 жасар- дөнен, 4-5 жасында – бесті, айғыр, ат, бие аталады. Айта кету керек елімізде алғаш темір жол құрылысы басталғанда бұл іске жылқылар да тартылған. Жануарлар 1450 км-ге созылған жанқиярлық істе қазақтың алғашқы еңбекші табымен бірге тауды бұзып, тас тасыған. Біраз уақытқа дейін тақ тұяқты жануар көлік ретінде пайдаланылып келді. Шалғайдағы ағайын күні бүгінге дейін ауыл арасында жан серіктері жылқымен қатынауды доғармаған. Сондықтан да ата-бабамыз қамбар ата төлінің төзімділігі мен қайсар қайтпастығын адамның мінезіне ұқсатқан екен. Қымыз беріп, жұмысқа тартылудан бөлек – жылқы малы шабысқа түсіп, бәйге әкелу үшін жаратылған. Бүгінде бұл қасиетті жануарды баптап, бәйгеге қатыстыруды “Дайындық” ЖШС басшысы Біржан Шәймерденов сүйікті ісіне айналдырған.

 

Біржан Шәймерденов, “Дайындық” ЖШС басшысы, Аққайың ауданы:

-20 жылдай болды жылқыларды ұстап отырмыз. Қазір бұрынғы жылқылардың бәйгесі аз болады да, асыл тұқымдыкі көп болады. Сондықтан осыны қолға алдық. Жалпы балам жылқы алып берші деп, атпен айналысу осыдан басталды. 1998 жылы бәйге болды.

 

Бастапқыда ауыл еңбеккерінің бір ғана тайы болса бүгінде, ол 130-ға тарта жылқыны күтіп-баптауда. Арғымақтардың 10-ы ғана бәйгеде шабады.

 

Бану Ахметова, тілші:

-Мына жылқының аты –  Айман. Оның жасы 8-де. 5 жыл бойы бәйгеге қатысып, 13 машинені жеңіп алған.

 

Сөйтіп, иесін 150 мың АҚШ долларын құраған сыйақымен қуантқан. Сонымен қатар 2011 жылы Қызылордада өткен бәйгеде 18 шақырымды бірінші болып бағындырып, бас жүлде президенттік кубокты иемленіпті.

Бұл байталды “Дайындық” ЖШС басшысы Біржан Шәймерденов 2 жасар құнан кезінен Жамбыл ауданындағы “Арас” зауытынан сатып алған екен. Сол уақыттан тақ тұяқты жануарды Мұратхан Шөпшекбаев баптап келеді. Талай бәйгелерге де осы бапкер дайындапты. Ол жылқының тілін жақсы біледі екен.

 

Мұратхан Шөпшекбаев, “Дайындық” ЖШС бапкері, Аққайың ауданы:

– Жылқы жалпы ерекше күтімді қажет етеді. Біз оның жейтін тамағына бәріне қатты көңіл бөлеміз. Біз жылқыны жасқа қосу үшін туылған күнінен бастап қараймыз.

 

Жылқы шөптің шүйгінін жеп, судың тұнығын ғана ішеді екен. Және оған арнайы витаминдерді де беріп отыру керек.

 

Мұратхан Шөпшекбаев, “Дайындық” ЖШС бапкері, Аққайың ауданы:

-Бізге жалпы витаминдер шетелден әкелінеді. Сәбіз, алма, бал. Жылқылардың ішінде тамақты таңдап жейтіндері де бар. Ол тек бәрі емес. Таза, иіссіз шөптерді жиді.

 

Жылқыны серіктестіктің басшысы ОҚО немесе Итальядан сатып алады екен. Биыл ол шаруашылығына тағы 6 бас тақ тұяқты әкеліпті. Жалпы, жануарларды күтіп баптаумен 8 адам айналысады екен.

Біржан Шәймерденов, “Дайындық” ЖШС басшысы, Аққайың ауданы:

-Қазір Дайындықта жылқыларды дайындап жатырмыз.

 

Халқымыз әр жылдан жақсылық күтеді. Сондықтан да жүйрік жылқымыз баршамызға жақсылық пен қуаныш, елімізге тыныштық әкелсін.

 

Бану Ахметова