Қоғам

2013 жылдағы жетістіктер

Солтүстік Қазақстан – еліміздің басты астықты өлкесі. Аграрлық аймақ деген атауға ие болғанымыз да сондықтан. Бізде өсірілетін жоғары сапалы ырыс дәні ел қамбасының үштен бірін құрайды. Ұлт көшбасшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөліп, бұл саланың өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін атап көрсетті. Оны өңір диқандары ойдағыдай атқарып келеді.Оған үстіміздегі жылы облысымызға жасаған жұмыс сапары барысында Ұлт көшбасшысы көз жеткізіп солтүстікқазақстандықтардың еңбегіне оң баға берді.

Солтүстікқазақстандық диқандар ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,6 центнерден өнім алып, барлығы 5 миллион тоннадан астам астық жинады. Бұл республика бойынша алынған өнімнің 25 пайызын құрайды. Осылайша теріскей шаруалары биыл да Елбасы сенімін абыроймен ақтады.

Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Оны одан әрі дамытуға егістік алқаптарымыз бен жайылым толықтай мүмкіндік беруде. Бұл салада бүгінде 146 мыңнан астам адам еңбек етіп напақаларын тауып жүр. Ауылшаруашылығы еңбеккерлері күні мерекесінде біразының еңбегі жоғары бағаланып, ерекше ілтипатқа бөленді. Солардың бірі – “Ақселеу” серіктестігінің жетекшісі Серік Малаев. Ол “Ауылшаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.

Өңір экономикасындағы жалпы ішкі өнімнің 30 пайызы аграрлық сектор еншісінде. Оған мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткізілуде. Ол жер өңдеуде заманауи технологиларды кеңінен пайдалануға жол ашып отыр. Соның арқасында теріскей диқандары қатарынан бірнеше жыл рекордтық сары алтын бастырып, Солтүстік Қазақстан еліміздің басты астықты аймағы екендігін дәлелдеп келеді. Ол ерен еңбектің жемісі.

Нұрсұлтан Назарбаевтың етті ірі қара әлеуетін арттыру тапсырмасы да ойдағыдай жүзеге асуда. Бұл ретте олардан алынатын өнім көлемі осы жылы 13%, ал мал басы 6,6%, пайызға артты. Қазіргі күні өңірімізде 6 700 басқа арналған 21 асыл тұқымды репродуктор, 6900 басқа шақталған 5 мал бордақылау алаңы жұмыс істеуде. Облыс шаруалары биылғы жылы 62 мың бас зеңгібаба тұқымы сатып алса, оның12 мыңға жуығына “Сыбаға” бағдарламасы арқылы қол жеткізілді. Бұл ретте шаруалар қауымы мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау табуда.

Ауылшаруашылығы өнімдерін субсидиялау соңғы 10 жылда 300 миллион теңгеден 9,5 миллиард теңгеге дейін өсті. Елбасының тапсырмасына сәйкес жерді диверсификациялауда биылғы жылы астық алқаптары кішірейтіліп оның орнына майлы дақылдар танаптары 55,5 мың гектарға ұлғайтылып, 440 мыңға жуықтады. Астықты өсіру бар да, оны сақтау бар. Бұл ретте қолданыстағы қоймалардан бөлек жыл басынан жалпы сыйымдылығы 124 мың тоннаны құрайтын 7 астық қабылдау қосыны іске қосылды. Аграрлық саладағы толағай табыстарға жетуде машина-трактор паркінің алар орны ерекше. Оны заманауи техникалармен толықтыруда мемлекет шаруалардан сырт айналған жоқ.

Қай салада болмасын алға ілгерлеушілік бар. Десек те әлі де атқарар жұмыстар жетерлік. Оның дені аграрлық салаға қатысты.

Елбасы айқындап берген басым бағыттар қатарында мемлекеттен бөлінген қаржыны орынды игеру, мал басын асылдандыру, егістік алқаптарын әртараптандыру міндеттері тұр. Оны тиісті деңгейде жүзеге асыру ел экономикасының одан әрі дамуына жол ашады. Жалпы жылан жылы өңіріміздің агроөнеркәсіп саласы үшін толағай табыстарға толы болды. Босағадан аттағалы тұрғын жылқы жылынан да молшылық күтеміз.

Қазақстанның басты байлығы – оның халқы. Олардың денсаулығы мен әл-ауқаты айрықша назарда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылға дейін қазастандықтардың санын 20 млн-ға жеткізу қажет дегені дегені бекер емес. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының биылғы табиғи өсімі 914 адамды құрап отыр. Бүгінде азаматтар өмір сүру ұзақтығы бұрынғы жылдармен салыстырғанда артып, 67 жасқа жеткен. Жылан жылына 4 мыңнан артық жас отбасы құрылыпты. Өңірде 10 айдың ішінде 7 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Негізі, биылғы бала туу саны 2,2 пайызға өсті. Бұл білікті дәрігерлердің еңбегі мен медициналық тың технологияны пайдаланудың арқасы. 4 бірдей ауданды ауыл халқының игілігі үшін  жаңа емханалар салынып жатқанын да мақтанышпен айтуға болады. Олар Аққайың, Есіл, Шал ақын және М.Жұмабаев аудандары.

“Қолжетімді тұрғын үй-2020” бағдарламасының шарапаты өңірдің талай тұрғынын шаттыққа бөледі. Ағымдағы жылы аумағы 113 мың шарты метрді құрайтын 1252 пәтер қолданысқа тапсырылды. Жастарға арналып алғаш рет берілген 75 пәтерлі жалдамалы үйдің тұрғындары ерекше қуанышты.

Осы жылы, әсіресе, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту саласында қыруар іс атқарылды. Бүгінде өңірдегі 576 мекемеде солтүстікқазақстандық бүлдіршіндердің 89 пайызы қамтылып отыр. 806-сы балабақшаға биыл бірінші рет барған. “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының арқасында облыста талай бөбекжайға қайтадан жан бітіп, оған деген кезек уақытында келуге айналды.

 

Күлпәш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының

Орынбасары:

-“Балапан бағдарламасы” бойынша облысымызда 4 балабақша салынды. Жеке меншікте болған бұрынғы балабақшалардың 11 ғимараты қайтарылып, балаларға есіктерін ашты. Оның ішінде биылғы осындай ғимараттың 3-уі Петропавл қаласында қайтарылды.

 

Жылан жылында өңірдің мәдениет саласы да толағай табыстарға толы болды. Жыл бойы бірінен соң бірі Ұлы Абылай ханның 300 жылдығы, Қожаберген жыраудың 350 жылдығы, Игібай Әлімбаевтің 110 жылдығын атап өттік. Қазақ поэзиясының кемеңгері Мағжан Жұмабаевтың 120 жылдығына арналып алғашқы экрандалған фильмнің тұсаукесері өтті.

2013 жыл өңір спортшылары үшін оқиғаларға толы болды. Жерлестеріміз биыл жүздеген ел деңгейіндегі 60-тан артық халықаралық дүбірлі додаларға қатысып, 500-ден артық алқа еншілепті. Оның 216-сы алтын. Облыс қоржынындағы әлем чемпионатының финалисі Азамат Нүрпейісов ұтқан медалінің орны ерекше. ҚР қарулы күштері қатарындағы офицер өткен 12 айда ғана сан мәрте жер жаһанға қазақ елінің абыройын асқақтатқан қайсар ұлымыз. Аяқпен қол соққыларын үйлестіре білген қазақтың тепсе темір үзетін ұланы мереке күндері де атағын қорғау үшін жаттығудан қол үзген жоқ.

Артем Захаров – халықаралық трассаларда жұлдыздай жарқырап жүрген велошабандоз. Майталман шайтанарбашы соңғы үш жылда өзі түлеп ұшқан туған жеріне алғаш келіпті. Бұнысы түсінікті. Кіндік қаны тамған өлкеге жиірек аяқ басқысы келеді. Алайда алаш намысы үшін өзге мемлекеттердің сайыпқырандармен тартысу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жарысқа бел буу бір, фавориттермен терезесі тең болып әлемді мойындату мүлдем басқа қажырлы дайындықты талап етеді. Бұған Артемнің маңдай терімен келген күш-жігері жеткілікті.

 

Артем Захаров, велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– 2013 жыл мен үшін аса табысты болды. Бұл маусымда халықаралық дәрежедегі 20 артық жеңіске қол жеткіздім. Ең маңыздылары Азия, Еуропа құрлықтарында жеңіс тұғырына көтерілдім. Әлем кубогындағы бірнеше күннен тұрған көп сайыста топ жардым. Сонда ешкімді мойындамай келетін Ұлыбританияның спортшылары құттықтағаны естен кетпес әсер қалдырды. Өйткені олар бірнеше жыл қатарынан көш бастап келген еді.

 

22 жасар даңқты жерлесіміз биыл екі бірдей рекорд жаңартыпты. Қос жаңалықты ол Мексикадағы әлем біріншілігінде ашты. Онда ол 4 шақырымдық жарыс жолын 4 минут 19 секундта жүріп өткен. Бұл жылдамдыққа еліміз бен Азияда ешкім әлі жетпеген екен. Ұлттық құраманың белді мүшесі өстіп 1 жылда ел рейтингін біршама көтеріп тастады.

 

Cергей Кручина, велоспорттан облыс құрамасының аға жаттықтырушысы:

– Облыс құрамы жыл бойы ел чемпиондарының тізгінін ешкімге бермеді. Ұлттық құраманың 22 мүшесі өңіріміздің тәрбиеленушілері. Азия біріншілігіндегі Артем Захаровтың жеңісі жалпы есепте ел командасына бірінші орынды алып берді. Бұл спортшымен болашақта әлі талай белестерді бағындырарымызға нық сенімдімін.

 

Жалпы бүгінде 300-ге тарта тәжірибелі өңір спортшысы Ұлттық құрама сапының белді мүшесі. Нағыз дарын иелері туымызды биікке желбіретіп Әнұранды әуелетіп жүргенде өзге жерлестеріміз де салауатты өмір салтына тартылып, өз басының жеңісіне жетуде. Бүгінде облыс халқының 25 пайызы бұқаралық спортқа ден қойған. Бұл 143 мыңнан артық белсенді жан.

 

Самат Есмағи, тілші:

– Міне, осылай, өткелі жатқан 2013 жылға шамалы болса да шолу жасадық. Көңілге қаяу түсіретін оқиғаларға тоқталған жоқпыз. Жылқы жылына жақсылықпен аяқ басайық деген ниетпен. Әйтеуір, осы жылы Солтүстік Қазақстан облысында қыруар іс атқарылды. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау, білім, мәдениет пен спорт салаларының дамуы Жылан жылында біршама алға жылжыды, енді Жылқы жылында қарқыны тұлпардың шабысындай болатынына сенеміз.

 

Самат Есмағи