Қоғам

2013 жыл несімен есте қалды

 

Қаламыздың тұрғыны Алтынай Жумина үшін жылан жылы жемісті болды. Ең алдымен ол ата-анасының сенімін ақтап, Астандағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін ойдағыдай тәмамдады. “Әлеуметтік қызметкер” мамандығын игерген Алтынай талпыныстың арқасында “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына жүгініп, біліктілігін бекіте түскен. Бүгінде өзіне деген сенімі жоғары ынталы жас облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы мүгедектерді оңалту бөліміне бас маман болып орналасқан. “Талаптыға нұр жауар” -деген осы. Жас маман мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан қамқорлықты толығымен сезініп отырғанын айтады.

 

Алтынай Жумина, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектерді оңалту бөлімінің бас маманы:

-Мен ЖОО-н аяқтағаннан кейін осы бағдарламаның арқасында өзімнің кәсіби біліктілігімді жетілдіріп, мемлекеттік қызметке орналастым. Менің ойымша, қазіргі жастардың болашаққа деген сенімі мол. Және соған сәйкес мемлекеттің де қолдауын жақсы сезініп жатырмын.

 

Алтынай үшін 2013 жыл табыстарға толы болыпты. Жас маман жылқы жылынан да жақсылықтар күтеді.

 

Алтынай Жумина, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедектерді оңалту бөлімінің бас маманы:

-Петропавл қаласының тұрғындарын және барлық қазақстандықтарды келе жатқан жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Басты байлық денсаулық демекші, барлығыңызға денсаулық, мол бақыт, ашық аспан және де шығармашылық табыс тілеймін. Отанымыз гүлдене берсін!

 

Ирина Магзумованың да үстіміздегі жылы бала кезіндегі асқақ арманы орындалған. Ол биыл есепші қызметіне орналасты. Қалалық гуманитарлық-техникалық колледжде аталған мамандықты игерген соң, шілде айында “Жастар тәжірибесі” бағдарламасына жүгінеді. “Партнёр-Авто” ЖШС-нде 6 ай бойы есепші міндетін атқарып, тиісті жалақысын алып отырған. Адал ісіне жауапкершілігі мол жас маманды кәсіпорын басшылығы мен ұжымы жақсы қабылдаған. Осылайша, ортасына тастай батып, судай сіңген Иринаға қазіргі тұрақты жұмысына тез үйреніп кету қиынға соқпаған.

 

Ирина Магзумова, “Партнёр-Авто” ЖШС есепшісі:

-2013 жыл – менің өмірімде есте қалатын жылдардың бірі. Мен өзім қалаған мамандықтың иесі атандым. Одан жұмыс іздеу машақатына тап болмай, бағыма орай жақсы ұжымға кезіктім. Қазір өз қолым өз аузыма жетті. Оған ауылдағы ата-анам да қуанышты. 2014 жылы сырттай ЖОО-на түсіп, өз ісімнің кәсіби маманы атанғым келеді.

 

Жастар жағы еңбек жолын енді ғана бастап жатса, Анатолий Воронин өмірінің 43 жылын құрылыс саласына арнапты. Бүгінде оның адал еңбегі еленіп, тәуелсіздік мерекесіне орай “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Қатардағы қарапайым жұмысшы мұндай қуанышты сәттерді келер жылда өзінің әріптестеріне де тілейді.

 

Анатолий Воронин, “Основание” ЖШС бригадирі:

-Біздің жұмыста адамның іші пыспайды. Нысандарды межелі уақытына дейін бірінен соң бірін тапсырып жатырмыз. Жылан жылы мен үшін ерекше. Өмірімде 1-ші рет республикалық деңгейде қажырлы еңбегім еленіп, медаль алып жатырмын. Әрине, бұл марапат жұмысқа деген құлшынысымды арттырып, бойымда жоғары жауапкершілікті сезімін тудырды.

 

Еңбекқор жерлесіміз Анатолий Воронин сияқты басқа тұрғындар үшін де жылан жылы есте қаларлық қуанышты сәттерге толы болды. Атап айтсақ, мектеп оқушылары оқуды жақсы аяқтап, қалаған мамандықтарын меңгеруде. Жастар жағы жаңа шаңырақ көтерсе, енді бірі балалы болды.

 

–  2013 жылы маусым айында үйлендім. Жаңа жұмыс орнына орналасып жатырмын. Жалпы өткен жылда менің жанұям үшін көптеген жақсылықтар болды. Ал, келе жатқан жылқы жылы барлық отбасыға тек қана куаныш әкелсін!

– 2013 жылы оқуды жақсы бітіріп, ҰБТ-де жоғары балл жинадым. Университетке еш қиындықсыз түстім. Енді келер 2014 жылдан барлық жақсылықтарды күтемін.

–  Ата-анам жұмыс тапты. Мен өзім оқуымды жақсы тәмамдап келе жатырмын.

– Жаңа жылда барша отандастарыма береке, зор денсаулық тілеймін.Аспанымыз ашық болсын. Жаңа жыл өзімен елімізге жаңа табыстар ала келсін. Жастар жаңа шаңырақ көтеріп, халқымыздың саны көбейе берсін.

–  Жылқы жылында еліміз одан әрі өркендеп, гүлдене берсін.

–  Өзіміздің отбасымызда көп жақсылықтар болып жатыр. Келе жатқан жылқы жылы барлығына бақыт, молшылық әкелсін. Бәріңізге де денсаулық тілеймін, жаңа жылдарыңызбен.

 

Берік Қасен