Спорт

Жас хоккейшілерге облыс әкімінің сыйлығы

Хоккей қорабы қаладағы №23  орта мектептің жанында орналасқан. Оның ұзындығы – 50, ал ені 25 метрді құрайды. Мұз айдынының салтанатты ашылуына облыс әкімі С.Ескендіров қатысып, барша ойыншыларды келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

Бұдан кейін өңір жетекшісі “Тұлпар” балалар және жасөспірімдер клубының спортшыларына 10 шайбалы хоккей формасын табыстады.

“Тұлпар” балалар және жасөспірімдер клубының ашылғанына 3 жыл болды. Шайбалы хоккеймен шұғылданатын балғындардың жартысында арнайы форма болмаған екен. Енді олар жаңасын иеленіп отыр.

 

Алексей Кукушкин, “Тұлпар” командасының капитаны:

– Хоккеймен шұғылданып жүргеніме 3 жылдай болды. Маған бұл спорт өте ұнайды. Облыс әкіміне осындай хоккей қорабы мен спорттық форманы сыйлағанына алғысымды айтамын. Енді, аталған спорт түрінің өңірімізде дамуына өз үлесімді қосуға септесемін.

 

Осылайша, биыл облыс орталығындағы хоккей қораптарының қатарын тағы біреуі толықтырды. Мұз айдынын салуға қалалық бюджеттен 3 млн теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Ал, жалпы Петропавлда мұндай 6 хоккей қорабы жұмыс істейді.

Жаңадан қолданысқа берілген мұз айдынында бірден шайбалы хоккейден қала біріншілігі бастау алды. Сайыста барлығы 7 команда шеңбер бойынша ойнамақ. Аталған турнир 3 күнге жалғасады. Сыннан сүрінбегендер кубок, медаль, грамоталармен марапатталады.

 

Бану Ахметова