Білім

Жаңа балабақша ашылды

 

Бұл ғимараттың негізі 1965 жылы қаланған. Сол уақытта мұнда «Малинка» деп аталған балабақша болыпты. Кейін мектепке дейінгі білім беру мекемесінің ғимаратында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қоныс тепкен. Қазір нысан қайтадан кішкентай қалалықтардың игілігіне тапсырылып, енді мұнда 3 пен 6 жас аралығындағы балалар тәрбие алатын болды. Балабақшаның ашылу салтанатына облыс әкімі Самат Ескендіров қатысып, қуанышты ата- аналар мен балғындарды құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Бұл балабақша облысымызда 2010 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан «Балапан» бағдарламасы аясында салынды. Ол оқыту және тәрбиемен қамтылған мектеп жасына дейінгі балалар санын арттыруға бағытталған. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын. Өсіп келе жатқан ұрпақтың келешегі жарқын болсын.

 

Ата-аналар үшін бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Өйткені олардың әрқайсысы балабақшаның ашылуын асыға күтті. Нысанның таспасы салтанатты түрде қиылғаннан кейін өңір жетекшісі балабақшаның материалдық-техникалық базасымен танысты. Кең әрі жарық бөлмелерде 4 топ білім алатын болады. Әсем Қабдолованың 4 жасар ұлы да енді үйге жақын жердегі балабақшада тәрбие мен білім алмақ.

 

Әсем Қабдолова, ана:

-Менің балам осы мекемеде жақсы тәрбие алады деп ойлаймын. Бұл балабақша үйге жақын жерде орналасқан. Біз үшін ыңғайлы болды.

 

Балабақша табалдырығын аттаған бүлдіршіндер де жиналғандарға өз өнерлерін көрсетіп, дайындығын байқатты.

80 орынға шақталған балабақшада жөндеу жұмыстары қазан айында қолға алынған. Сол уақыттан бері ғимарат айтарлықтай өзгеріпті. Жалпы мұндағы жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 20 млн теңге қаржы жұмсалды.

 

Балғын Мусина, «Балауса» балабақшасының меңгерушісі:

– Барлық жағдайлармен жабдықталған. Ата-аналар үшін де, балғындар үшін де жақсы орын. Мемлекет тарапынан балабақшаларды қайтару жұмыстары жақсы жүргізілуде. Облыс әкімі де бұл бағытта жақсы жұмыстар атқаруда.

 

Балабақшаның ашылуы екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандардың жұмыспен қамтылуына септесті. Енді мұнда 30 адам қызмет ететін болады. Солардың 2-уі оқуларын жақында тәмамдап келген жас маман.

 

Диана Батаева.«Балауса» балабақшасының тәрбиешісі:

-Мен М.Жұмабаев атындағы колледжді бітірдім. Қуаныштымын.Енді жұмысым бар.

 

Жыл басынан бері облысымызда 1 балабақша және 5 шағын орталық халық игілігіне тапсырылып, 200- ден астам балғын мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Сонымен қатар жұмыс істеп жатқан балабақшаларды кеңейту есебінен 500-ден астам балаға орын ашылды.

 

Мағжан Ахмадина