Бизнес және экономика

“Макаровтың” жиһазы үздік деп танылды

 

“Макаров” жеке кәсіпкерлігінің жұмысы осыдан 15 жыл бұрын басталған. Олар бүгінде үй және кеңселерге арналған жиһаз шығарумен айналысады. Алғашында өнімнің тек 5 түрі ғана болса, бүгінде олардың санын саусақпен санау мүмкін емес. Тауарлары тек өңіріміз ғана емес, еліміз бен Ресейде де үлкен сұранысқа ие. Ал жиһаздың бәрі мына цехта жасалады. Жыл санап іргесін нығайтқан кәсіпорын қазіргі күні 60 адамды тұрақты еңбекпен қамтып отыр. Солардың бірі – Иван Хутин. Оның аталмыш кәсіпорында жұмыс істегеніне үш жылға жуықтапты.

 

Иван Хутин, тақтай тілуші:

-Жұмысым өзіме ұнайды. Ұжымымыз жақсы. Еңбек етуге бар жағдай жасалған. Қондырғылар жыл санап жаңару үстінде. Жиһаздарымыз сұранысқа ие, халықтың көңілінен шығады.

 

Жеке кәсіпкердің жиһаздары “Қазақстанның үздік тауарлары” республикалық байқауына алғаш рет 2010 жылы шығарылыпты. Онда олардың өнімдері тек дипломмен марапатталған. Ал биылғы додада олар алтын медаль және тұрғындарға арналған үздік тауар номинациясында бірінші дәрежелі дипломды жеңіп алыпты. Аламанда комиссия мүшелерінің көңілінен шығып, дизайны мен сапасы жоғары бағаланғаны – балаларға арналған екі ярусты мына кереует. Оны жасауға екі күн уақыт кеткен.

 

Валерий Макаров, жеке кәсіпкер:

-Өнімнің дизайнына баса мән береміз. Себебі заман мен технолгия дамыған сайын, халықтың өмірге деген көзқарастары да өзгереді. Соған сай әрекет етудеміз. Ол зая кеткен жоқ. Еңбегіміз жанды. Республикалық байқауда жеңімпаз атанып, жүлделі орынды иеленуіміз алдымызға үлкен талаптар қойып отыр. Қол жеткізген жетістіктермен шектеліп қалмауды Елбасының өзі де атап көрсетті.

 

Ұсыныс сұранысқа сай болуы шарт. Ол заман талабы. Бұл ретте кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қашан да қолдау бар. Тек оны орынды пайдалану қажет.

 

Самат Есмағи