Спорт

Облыс велосипедшілері 2013 жылды қорытындылады

Салтанатты жиында биыл жақсы өнер көрсеткен 38 велошабандоз марапатталды. Дені республикалық және халықаралық чемпионаттарда ел намысын арқалаған дарабоздар. Солардың бірі Бахтияр Қожатаев түрлі додаларда өңір құрамасының жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Ол Әзірбайжан елінде өткен көпкүндік жарыста 23 жасқа дейінгі шабандоздардың арасында “жас жарысқа түсуші” ретінде танылған екен.

 

Бахтияр Қожатаев, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, “Астана континентал” командасының көшбасшысы:

-Өтіп бара жатқан жылда біздер үшін табысты сәттер көп болды. Өз басым жыл бойына барлық жарыстарға қатысып отырдым. Велоспорттан Қазақстан құрамасының атынан Әзірбайжан елінде өткен додада жеңімпаз атандым. Енді келер жылы өтетін жарыстарға дайындықты бастамақпын. Бізге қолдау көрсетіп отырған спорт басқармасына алғысымды білдіремін.

 

Жалпы командалық есепте өңір құрамасы алдыңғы орындардан көрінді. Солтүстікқазақстандық велошабандоздар ел көлемінде және әлемдік деңгейде өткен чемпионаттар мен жарыстарда намысты қолдан бермей, қарсылас құрамаларға жоғары бәсекелестік көрсете білді дейді – аға жаттықтырушы Сергей Кручина.

 

Сергей Кручина, Александр Винокуров атындағы континенталдық велосипед клубының директоры:

-Бүгін жыл бойы жақсы көрсеткішке қол жеткізген велоспортшыларымызға салтанатты түрде марапаттау сәтін ұйымдастырып отырмыз. Велошабандоздарымыздың дені республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып, еліміздің намысын арқалап жүр. Қай жерде болмасын, спортшылар лайықты өнер көрсетуде. Сондықтан да біздер үшін 2013 жыл жеңіске толы болды деуге толықтай негіз бар.

 

Қазіргі уақытта спортшыларымыз Доминикан елінде өтетін жарысқа қызу дайындық үстінде. Дода ақпан айына жоспарланған.

 

Бақыт Сәдуақасов