Спорт

Облыс орталығында “Тұлпарлар жәрмеңкесі” өтті

Көпшілік назарына ұсынылған мына сәйгүліктердің жақсылап бапталғанын байқау қиын емес. Ауыздықты күрт-күрт шайнаған бұл қамбар ата төлдерінің әрбірі жай шорқақтаған желіс аттар, құнан, тоқ, аламан бәйгелерде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған. “Богачка” есімді таза қанды орыс сәйгүлігінің шабандозы Анна Тимошенканың су шайқалмас жорғалар сынында асығы алшасынан түсіп жүр. 4 жыл бойы аттың құлағында ойнап, ер мінез танытқан нәзік жанды тақ тұяқты серігімен биыл ғана бірнеше жарыста топ бастапты.

 

Анна Тимошенка, шабандоз:

– Асыл тұқымды жылқыларды күтудің өзіндік ерекшеліктері бар. Текті жылқы қашанда таза жүруі керек. Мал азығы да дәрумендерге толы. Сонда ғана таза қанды ат артықшылығын сақтап қалады. Ат жарысы маусымы жабылған биылғы бәйгеде біз топ жардық. Өзге аймақтардағы тартыстар да біз үшін сәтті аяқталды.

 

Кейін ат десе ішкен асын жерге қоятын қауымға ұлттық ат спортының қыр-сыры көрсетілді. Көне салттардың бірі – қыз қуу.

Қашанда атам қазақ қара домалақтарының шымыр болуына ерекше мән берген. Атқа шауып, теңге алу да бала тәрбиесінде ерекше орын алады. Аударыспақта білек күші ғана сыналмайды. Бастысы астыңдағы жылқының тілін тауып, бір ырғақта үндесе білу керек. Бүгінде ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорттың бұл түрі қайта жандануда.

Бұдан соң облыстық тұлпарлар жәрмеңкесі өтті. Бар сән салтанатымен шанаға жегілген аттар шеруі қаламыздың орталық алаңынан бастау алды. Шаһарымызды шарлаған байқау қатысушылары “Солтүстіктің жұлдызы” саябағына дейін жүріп өтті.

 

Елена Балло, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Біз осылайша қалалықтарға мерекелік көңіл күй сыйлағымыз келді. Жылқы жылының маңыздылығын түсіндіруге тырыстық. Сайыскерлерге жүлде тіктік. Үшінші орынға 200 мың теңге беріледі. Жеңіс тұғырының екінші сатысына көтерілгені 300 мың теңгеге иеленеді. Ең үздік деп танылғанына 500 мың теңге тарту етеміз.

 

Барлығы байқауға 8 ауданның атбегілері қатысуға бел буған. Әрбірі шама-шарқынша дайындалған. Ұлттық нақышта безендірілген ат әбзелдері киелі жануарға сән бере түскендей. Сауыт-саймандардың қайсысы болмасын байыппен таңдалғаны көрініп-ақ тұр. Әрлендірулері әр қилы. Десе де, басты талап атадан балаға мұра етіп қалдырылған дәстүрді айна-қатесіз қайталау.

Сонымен қатар әр аудан жаңа жылға орайластырылған мерекелік бағдарламаларын ала келген. Ауылдың дарынды деген үздік өнер ұжымдары халықтың көңілін аулайтындай әуенді де әуезді қойылымдарын ұсынды.

Жиналған жұрт шарадан мол әсер алды. Сахна саңлақтарының өнеріне ілесіп олар да биге басты. Мерекенің сәні мен мәніне айналған әр жылқыны ду қол шапалақтап, ықыласпен қарсы алды.

Тағатсыздана күткен шешуші сәт те келді. Қазылар алқасы Қызылжар ауданы безендірген жылқы үздік үштікті тұйықтауға лайық деп тапты. Ал тимирязевтықтардың еңбегі екінші орынмен бағаланды. Бас жүлде бір шанаға үш бірдей атты сәнімен жеге білген М. Жұмабаев ауданына бұйырды.

Жеңімпаздарды облыс әкімі Самат Ескендіров құттықтап, жерлестерімізге жаңа жылда сәттілік тіледі.

Мерекелік кеш от шашуға ұласты.

 

Жеңіс Ермұқанов