Спорт

“Қарасай” стадионында мұз айдыны ашылды

 

“Қарасай” жоғары спорттық шеберлік мектебі бос уақытын тиімді өткізгісі келетін демалушыларға бар жағдайды жасауға әзір. Биыл жалға берілетін конькилер біршама жаңартылған. Су жаңа конькидің 20 жұбы нәзік жандарға арналса, 40-ы ерлердікі. Ал мекеменің жұмыс істеу тәртібі еш өзгеріссіз қалған. Ересектер бір сағат коньки тепкені үшін бұрынғысынша сағатына 300 теңге төлесе, ал 13 жасқа дейінгі оқушылар үшін жалға алу құны арзандап, 200 теңгені құраған.

 

Әсел Мырзахметова, “Қарасай” жоғары спорттық шеберлік мектебі директорының орынбасары:

-Мұз алаңы бейсенбіден жексенбіге дейін жұмыс істейді. Бейсенбі, жұма күндері біз демалушыларды сағат кешкі 6-дан 10-ға дейін қабылдаймыз. Ал, демалыс және мереке күндері жұмыс уақыты сағат түскі 2-ден басталады. Қалған уақытта мұз айдынында “Қарасай” жоғары спорттық шеберлік мектебінің тәрбиленушілері конькиден оқу-жаттығу сабақтарын өткізеді.

 

Мамандар биыл мұз айдынының сапасы жақсарғанын айтады. Өйткені, мұнда аптасына 3 рет халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері жаттығап тұрады. Ол үшін “Қарасай” жоғары спорттық шеберлік мектебі 2012 жылы мұз айдынына су құйып, оны тегістейтін арнайы жаңа машина сатып алған. Техниканың көмегімен сырғанақ күніне 2 рет жылтыр кейіпке еніп тұрады.

Вадимге таза ауадағы демалыстың ұнағаны соншалық, мөлдір айдынға күніне 2,3 рет келіп, 3 сағат уақытын арнайды екен. Бірақ болашақта конькиші емес, тіс дәрігері болғысы келеді. Коньки тебу – оның сүйікті ісі. Әуесқой спортшыны мұнда анасы мен әкесі жиі келіп сыртынан бақылап тұрады.

 

Людмила Бикчентаева:

– Біз стадионның маңында тұрамыз, сондықтан, ұлым ылғи осында келеді. Біз де үйде отырмай таза ауаға шығып, ұлымызды жиі сыртынан бақылап жүреміз. Вадимнің денсаулығы жақсы болғанын қалаймыз.

 

Вадим Бикчентаев, Людмиланың ұлы:

-Мен осымен 4-ші жыл қатарынан осы мұз қалашығына келіп жүрмін. Бірақ конькиде жақсы тұрып, сырғанаймын деп айта алмаймын. Кейде құлайтыным бар.

 

Жаңа сырғанақ коньки тебушілердің көңілінен шықты.

 

– Мен мұнда жиі келіп тұрамын. Аптасына 2,3 рет. Себебі, белсенді өмір салты адамның денсаулығын мың есе жақсартатынына сенемін.

– Конкиде сырғанағанда көңіл-күйім көтеріліп, бойыма күш біткендей болады. Шынымды айтсам, бұл сырғанақтың тез арада ашылуын тағатсыздана күткенмін. Мұз айдыны сапалы құйылған.

 

Берік Қасен