Ауыл шаруашылығы

Көктемгі егіс қамы

 

 

Не ексең, соны орасың. Мол өнім жинау үшін өңір диқандары уақытпен дәлелденген бұл заңдылыққа үлкен мән береді. Мәселен 60 тонна бидайдың егіске жарамдылығын тексеру үшін кемінде 11 жерден үлгі алынады.

 

Айсұлу Клюкова,”ҚазАгроЭкс” АҚ СҚОФ Қызылжар аудандық зертханасының меңгерушісі:

-Қызылжар ауданының агроқұрылымдары дәнді дақылдардың 91 пайызын бізге тексеріске өткізді. Бүгінде оның 57 пайызын сараптап үлгердік. Зерттеген тұқымның 71 пайызы 1,2 сұрыпты екендігі анықталды.

 

Ол үшін алдымен тура мың дәннің салмағы өлшеніп, іріктелгені 50 грамдық 2 қапшыққа салынады. Кейін негізгі дақыл қалдықтардан ажыратылады. Одан барып арнайы илеуішпен шаң-тозаңнан тазартылады. Тұқымның дымқылдығы төмен болғаны аса маңызды. Ылғалдылығы 16 пайыздан асса, көктемгі науқанда пайдаға асыруға жарамсыз деп танылады. Құрғақтылығы арнайы құрылғыда анықталады. 20 минут кептіргенге дейін және кейін таразыға салынып салмақ айырмасы есептеледі. Ортақ талапқа жауап бергенімен шығымдылығы нашар болуы мүмкін. Сараптамада бұл жағы да назарсыз қалмайды.

 

Айсұлу Клюкова, “ҚазАгроЭкс” АҚ СҚОФ Қызылжар аудандық зертханасының меңгерушісі:

-Үлгілерді бір апта бойы термо жәшікте өсіреміз. Үш күн 10 градустық температурада ұстаймыз. Тағы сонша уақыт жылулықты +20-ға дейін көтереміз. Егерде 95 пайызы тамыр жайса, тұқым 1-ші сұрыпты. Шығымдылық 92 пайызды құраса 2-ші сұрыпты. Үшінші кластыға кемінде 90 пайызы біркелкі өскені жөн.

 

Астық жауы, түрлі аурулар мен зиянкестерінің бар жоғы да мұқият зерттеледі. Кезікпесе, тұқымның жарамдылығына шүбә келтірілмейтіндігі жөніндегі анықтама құжат беріледі. Жалпы өңіріміздің әр ауданында “ҚазАгроЭкс” АҚ зертханалары жұмыс жасайды. Қызметтері тегін. Бұл мақсатқа биыл ел қазынасынан 59 млн теңге бөлініпті. Егуге жоспарланған тұқымның 83 пайызы сараптамаға жіберілген.

 

Людмила Дайырова, ҚР АШМ СҚО аумақтық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Облыс бойынша 424 мың тонна тұқым зертханаларға жөнелтілді. Оның 60 пайызы толық тексерістен өтті. Нәтижесінде 87 пайызы 1,2 сұрыпты екендігі анықталды.

 

Облыста атестацияланған 39 тұқым өндіруші шаруашылық жұмыс жасайды. Олармен 80 мың тонна дән шығарылыпты. Оның 3/1 жоғары өнімді элиталық тұқым. Бұл алдағы егістікте бидай сорттарын 4,5 пайызға жаңартуға мүмкіндік береді.

 

Людмила Дайырова, ҚР АШМ СҚО аумақтық инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– 2014 жылы 1-3 репродукторлы бидай себуге агроқұрылымдардан кеткен шығынның бір бөлігін мемлекет өтейтін болады. Бұл алыс жақын шетелдерден алынған тұқымдарға да қатысты. Сондықтан тұқым жаңартып үлгермеген шаруашылықтарға бұл мүмкіндікті пайдаланып қалуға болады.

 

Арнайы сараптамадан өтпеген тұқымды егуге рұқсат етілмейді. Анықтамасы жоқ дән жерге бастырылатын болса, шаруашылық иесі жауапкершілікке тартылып, 5-50 АЕК мөлшерінде айып төлеуге мәжбүрленеді.

 

Жеңіс Ермұқанов