Білім

Білім беру саласын дамытуға 36 млрд теңге жұмсалды

 

 

Осы жылы, әсіресе, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту саласында қыруар іс атқарылған көрінеді. Бүгінде өңірдегі 576 мекемеде солтүстікқазақстандық бүлдіршіндердің 89 пайызы қамтылып отыр. 806-сы балабақшаға биыл бірінші рет барған. “Балапан” мемлекеттік бағдарламасының арқасында облыста талай бөбекжайға қайтадан жан бітіп, оған деген кезек уақытында келуге айналды.

 

Күлпәш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– “Балапан” бағдарламасы бойынша облысымызда 4 балабақша салынды. Жеке меншікте болған бұрынғы балабақшалардың 11 ғимараты қайтарылып, балаларға есіктерін ашты. Оның ішінде биылғы осындай ғираматтың 3-уі Петропавл қаласында қайтарылды.

 

Білікті мұғалімнің алдынан білімді оқушы шығады. Солтүстікқазақстандық 60 жеткіншек биыл негізгі пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадаға қатысып, 20 жүлделі орын әкелген. Олар Бірыңғай Ұлттық тестілеуде де жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әсіресе, ағылшын тілінен алдарына жан салмайды екен. 29 түлек “Алтын белгі”, ал 20-сы үздік аттестат иегері атанып отыр. Бұл ретте шеберлігін шыңдаудан жалықпайтын теріскейлік тәлімгерлердің талпынысы мен табысын да айту керек.

 

Күлпәш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Облысымыздың 10 мұғалімі 1-ші деңгейдегі, 74 мұғалім 2-ші және 549-ы 3-ші деңгейдегі жаңа форматта өтетін біліктіліктерін арттыру курстарынан өтті. Облыс педагогтары жыл сайын республикалық “Үздік педагог” сайысына белсенді қатысуда.

 

Уақыт өткен сайын білім саласына деген қолдау күшейіп келеді. Ол жағы түрлі мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған. Мәселен, “Жол картасы – 2020” жобасының игілігін солтүстікқазақстандықтар барынша пайдаланыпты.

 

Күлпәш Қалғожина, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– “Жол картасы-2020” бағдарламасы бойынша 30 білім мекемесінде 712 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді. 215 млн. теңге оқулықтарға, 175 млн. теңге колледждерге жаңа жабдықтар, арнайы техника алуға бөлінді.

 

Сондай-ақ, ағымдағы жылы өңірдегі 30 техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде 5070 маман даярланған.

 

Данаш Хамзина