ТКШ

Биыл Петропавлда көппәтерлі 7 үй тұрғызылды

 

 

Бүгіндері Петропавлда 8371 адам үй кезегінде тұр. Солардың қатарында Наталья Тараканова да бар. 4 баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана бүгін тізімде 869-шы екен. Енді Наталья жуық арада баспаналы болатындығына сенімді.

 

Наталья Тараканова:

– Мен жалпы тұрғын үй кезегіне 2003 жылы тұрған болатынмын. Алайда техникалық жағдайларға байланысты, 2007 жылы қайтадан құжаттарды рәсімдеуге тура келді. Бүгін кезектегі нөмірімді білейін деп келіп отырмын.

 

Жыл санап қалада қоныс тойын тойлаушылардың қатары көбеюде. Айталық 2012 жылы 90 адам баспаналы болса, биыл олардың саны – 395-ті құрап отыр.

 

Алма Құдабаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Биыл жалға берілетін коммуналдық 4, ипотекалық 3 үй мен 175 пәтерлі үй қолданысқа берілді. Баспаналы болғандардың арасында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 9 бала бар. Кезекке тұратын азаматтарды мүгедектер, әлеуметтік жағынан аз қорғалған, бюжеттік сала қызметкерлері мен үйлері апаттық жағдайдағы тұрағандар деп 4 категорияға бөлеміз.

 

Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алған тұрғындар пәтерлерін жекешелендіре алады. Соғыс ардагерлері мен мүгедектер құжаттарын бірден рәсімдесе, бюджеттік сала қызметкерлерінің 10 жылдық еңбек өтілдері болуы шарт. Алайда, кей азаматтар пәтердің жалдамалық құндарын төлеуден де жалтарып жүрген көрінеді.

 

Алма Құдабаева, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қазіргі таңда баланста 14 жалдамалы коммуналдық үй бар болса, оларда шамамен 700-ден астам отбасы тұрып жатыр. Жартысы пәтер құнын төлемей келеді. Бұл орайда біз қосымша шарт жасап, ескертпе қағаздарын таратамыз. Қарызы шаш етектен болған азаматтарды заңға сәйкес, сот жүзінде, басқа тұратын жер қарастырмай-ақ үйден шығара аламыз.

 

Тұрғын үй кезегіне тұрғысы келген азаматтар, өтініштерін халыққа қызмет көрсету орталығына барып немесе «электоронды үкіметтің» веб-порталы арқылы тапсыра алады.

 

Мағжан Ахмадина