ТКШ

Жылу ақысын есептегіш көмегімен азайтуға болады

 

М. Жұмабаева көшесі, 113 мекен-жайында жылу есептейтін құрылғы орнатылғанына 1 жыл болыпты. Әбден жетілдірілген жабдық жұмсалатын жылу энергиясын өлшеумен ғана шектелмейді. Өңір энергетиктері тасымалдайтын өнімді үнемдеуге мүмкіндік береді.

 

Валерий Пахомов, “М.Жұмабаев 113” ЖПИК сантехнигі:

– Оның көмегімен көктем, күз айларында пәтерлерге келетін жылуды реттеп қалыпты температураны ұстап тұруға болады.

 

Жылу элеваторының торабына жанамалай орнатылатын қондырғы азғантай уақытта өзінің тиімділігін дәлелдеді. Есептегіш құралының көмегіне жүгінген баспана иелері жылу маусымы басталған екі айдың ішінде ғана 600 мың теңгеден артық қаржы үнемдепті.

 

Тамара Пахомова, “М.Жұмабаев 113” ЖПИК төрайымы:

– Біз құрылғыны орнатпас бұрын желідегі барлық ақауларды жамадық. Өстіп жабдықталудың арқасында жылудың далаға кетпеуін қамтыдық. Құрылғы нақты жұмсалған жылуды тайға таңба басқандай анық көрседі. Орташа тариф шаршы метріне 31 теңгені құрады. Енді қалтамыздан қаражат бекер шықпайтын болды.

 

Бұл үйдегі 214 пәтер иесінің бәрі бірдей тек пайдаланған коммуналдық қызметтің құнын өтеуге дағдыланып алған.

 

Галина Бондарева, М.Жұмабаев көшесі,113 үйдің тұрғыны:

– Пәтерде қалыпты температура сақталып тұрады. 25 градус шамасында. Ең бастысы отбасылық бюджет үнемделеді. 1 жылда 30 мың теңге өзімізге қалды. Бұрындары коммуналдық қызметке ай сайын 9 мың теңгедей төлейтінбіз. Қазір бұл сома екі есеге қысқарды. 5 мың теңгеге де жетпейді.

 

Үкімет ресурсты үнемдеуді қолға алғалы қашан. Бұл – біріншіден, қызметтік ысыраптың орнын толтыру үшін жүзеге асып жатқан ұлттық деңгейдегі кешенді шара.

 

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті директорының орынбасары:

– Біз 163 үйде осындай құрылғылар орнатып тиімділігін зерттеп көрдік. Тәжірибе көрсеткендей, бұл баспаналардың тұрғындары орта есеппен жылудың шаршы метріне 57 теңгеден төлейді. Сынаққа тартылған кейбіреулері тіпті одан да аз бағамен есеп айырысатын болды. Ал, қол жеткізбегендері сараланған тарифтің өзінде шаршы метріне 87 теңге жұмсайды.

 

Жылыту желісіне аталмыш жабдықты қосу үшін тұрғындардың 3/2 өз келісімдерін берулері тиіс. Алайда баспана иелерінің көпшілігі оған ниет танытар емес. Жаңашылдықтан бас тартудың кесірінен өз қалталарының қағылатынын әлі түсіне қоймаған. Бүгінде есептегіш құрылғысы тұтынушылардың тек 27,7 пайызында ғана бар.

 

Жеңіс Ермұқанов